• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Тамыз, 2022

Алуа ДҮКЕНБАЙ, жас ғалым: Еліміздің экономикасына үлес қосқым келеді

Мәскеу облысы, Королев қаласында Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра желісі департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта оқушылардың «Адам-Жер-Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасы өтті.

Жамбыл облысынан осы халықаралық олимпиадаға 12 оқушы 8 жобамен қатысып, «Жерді сақтаймыз», «Флора мен фауна», «Жер – біздің үйіміз», «Астрономия» секциялары бойынша ғылыми зерттеулерін қорғады. Конкурстың нәтижесі бойынша Жамбыл облысы Тараз қаласындағы Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары жеңімпаз атанып, Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі департаментінің директоры, «Созвездие» олимпиадасының меңгерушісі В.И.Васильевтің қолынан І, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Осы байқаудың жеңімпаздарының бірі Алуа Дүкенбайдан алған сұқбатты ұсынамын.

– Алуа, марапатыңмен құттықтаймын! Байқаудан алған әсерің қандай?

– Бұрын-соңды болмаған елді көріп, жаңа достар тауып, олармен өткізген ұмытылмас уақыттар ерекше әсер қалдырды. Сондықтан бәрі тамаша!

– Ендеше, «Созвездие» олимпиадасы жайлы кішігірім шолу жасап кетсең.

– «Созвездие» ғылыми жобалық олимпиадасы ғылыми-техникалық шығармашылық саласындағы дарынды балаларды аңықтау және қолдау, балалар мен жастардың инженерлік-техникалық зерттеу мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

– Бұл байқауға қатысуға саған не түрткі болды?

– Бұл олимпиададан орын алған жағдайда жоғары оқу орнына түсу үшін жеңілдік болады. Сондай-ақ тәжірибе жинау үшін бағымызды сынап көргенбіз.

– Білуімше, биология пәнінен «Адам-Жер-Ғарыш» тақырыбы бойынша қазіргі таңдағы қоршаған ортаның өзекті мәселелерін қозғадың...

– Иә, Сардор Бердебаев екеуіміз осы тақырып төңірегінде жобаны қорғадық. Негізі, байқау бірнеше бағыт бойынша бағаланған, біздің бағыт «Флора және фауна» деп аталған. Біз жобамызда сұңғыла деген паразит өсімдіктің пайдасы және оны қолданысқа енгізу түрлерін ұсынғанбыз.

– Қорғау қиын болған жоқ па? Қазылар алқасының сендер жайлы ойы қандай болды?

– Ғылыми жұмысты қорғаған кезде еш қиындық болмады, себебі, ғылыми жоба қорғауға әбден бейімделгенбіз. Ал қазылар алқасы болса, бізді жақсылап тұрып сынады десем болады. Бірақ соған қарамастан, әрбір сұраққа жақсы жауап бердік деп ойлаймын.

– Өзге елден келген қарсыластарың оқ бойы озуға кедергі жасамады ма? Олармен сайысу жеңіл болмаған шығар..

– Шыны керек, барлығы жақсы қорғап шықты. Әрқайсысы өз тақырыптарына сай өзекті мәселелерді сөз етті. Мен үшін осындай дарынды балалармен кездесу, тәжірибе алмасу үлкен мәртебе.–

Жобаңда қорғаған сұңғыла паразитіне қайта оралсақ. Неге таңдауың бұл тақырыпқа түсті?

– Бұл өсімдік Қазақстанда кең тараған, бірақ паразит болғандықтан қазірше қолданысқа енгізілмеген. Ол зәр шығару, тірек-қимыл, қан айналу жүйелеріне пайдасы мол болғандықтан, неге зерттеп көрмеске деп шештік.

– Бұл тақырыпты көтеру арқылы елімізге қандай пайда әкелуге болады?

– Медицинада бұл өсімдік тек Батыста және Қытайда жақсы айналымда, сол үшін біз елімізде сұңғыланы өңдеп, өз өнімімізді жасасақ, экономикамызға сүбелі үлесімізді қосуға болады.

– Сұңғыланы өңдедік делік, экономикаға қаншалықты үлкен үлесі бар?

– Әзірге жобамызды қолданысқа енгізбегендіктен, жауап беру қиын. Былай алып қарасақ, осы өнімді тек елімізде ғана емес, ТМД елдерінде де қолданысқа жіберуге, яғни экспорттауға болатын еді деп ойлаймын. Демек, экономикамызға пайдасы жеткілікті дей аламын.

– Басқа да оқушыларға осы байқауға қатысуға кеңес бересің бе?

– Егер мүмкіндік туып жатса, неге қатыспасқа? Көп тәжірибе жинап, ел көріп және өз күшін сынап көргеннің зияны болмас.

– Байқау аяқталғаннан кейін, елімізді Ресей халқына жан-жағынан таныстырған екенсің...

– Иә, ол жерде әлемнің түпкірінен жиналған оқушылар өз туған жерлері жайлы бейнероликтер, тұсаукесерлер көрсетті. Біз – бүкіл Қазақстан қатысушылары елімізді, жерімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді көрсетіп, шағын таныстыру жасадық.

– Уақытыңды бөліп, сұқбат бергеніңе рақмет!

Перизат МИЗАН,

Тараз қаласындағы Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің түлегі.

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы