• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қараша, 2022

Қала өссе, қазақ та өседі

Қазақстанда үш үлкен қала бар. Алматы, Астана, Шымкент. Үш қаланың да тұрғындар саны миллионнан әлдеқашан асып кеткен. Ал миллион тұрғынға арнап қала салу, оны дамыту оңай емес. Сондықтан осы үш қаланың бас жоспарын қабылдар кезде түсініспеушіліктер болып жатады. Қала басшылығы өз бетінше, архитекторлар өз бетінше қала тұрғызғысы келеді. Бұл мақаланың мақсаты кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтау емес. Жалпы қалалар қалай дамиды деген сұраққа жауап іздеу әрі болашақта архитектор мамандығын таңдаған жас өскінге бағыт беру.

Кез келген қаланың дамуы үшін алдымен жоспар жасалады. Мысалы, Алматының дамуына арналған бас жоспар 2002 жылы қабылданды. Ол  2020 жылға дейінгі кезеңді қамтыды. Алайда 2020 жылға дейін Алматыдағы тұрғындардың саны 2 миллионға жетті. Сондықтан бас жоспарға көптеген түзетулер енгізілді. Құрылыс ретсіз салына бастады. Бір-біріне мінгестіре салынған ғимараттар қаланың тарихи келбетін көлегейледі. Енді биыл 2040 жылға дейінгі уақытты қамтитын бас жоспар әне-міне көпшіліктің талқысына ұсынылмақ. Жақында Алматы-ның 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы белгілі болды. Мұны 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды бекіту туралы мәслихаттың XXV сессиясында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлім еткен. Даму жоспары бойынша, Алматыда «Батыс қақпа» және «Шығыс қақпа» болады. Себебі, Алматы Батыс пен Шығысқа қарай созылмақ. Негізгі мақсат – Алматыны «созу» емес, орталықтан жүктемені азайту. Сондықтан Алматының аймақтарына халыққа керекті нысандарды салып, қаланың ортасына бармай-ақ, өз ауданында жүріп жұмысын бітіруге жағдай жасау мақсаты бар.

Шығыс қақпа

Шығыс қақпаның құрылысы Алматыға Құлжа тас жолы жағынан кіре берісте қалыптасып жатыр. Қазірше аумағы 680 гектар. Бұл жақта да жаңа ықшам аудан өзіндік сәулетімен бой көтермек. Мектеп, балабақша, креатив квартал және автобус паркі салынуы мүмкін. Оңтүстік-солтүстік, батыс-шығыс бағыттарға шығуға ешқандай кедергі болмайтындай ойластырылған.  Алматының Батыс қақпасында биік үйлер көп болса, Шығыс қақпасында көп қабатты үйлер салынбайды екен. Бұл жақта үй салатын құрылыс компаниясы мемлекеттік балабақша, мектеп, спорттық сауықтыру орталығын салуды көздеп отыр. Бұл үйлердің ауласы да қаланың ортасындағыдай тығыз болмайды, тұрғындардың демалысына, қыдыруына қолайлы алаңдар, саябақтар ашылады. Шығыс қақпасының көліктерді өткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында Бұқтырма көшесінің Құлжа тас жолымен қиылысына үлкен көпір салынды. Б.Хмельницкий көшесін тесу арқылы Шығыс қақпаны қаланың солтүстік-батыс аумақтарымен байланыстыру жоспарлануда. Әрине, бұл жерде аудан мен ауданды байланыстырып отыратын қоғамдық көліктердің де рөлі маңызды. Бұл мәліметтерді Алматы қаласының бас архитекторы, Қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов көпші-лікке жеткізді. Қала әкімі Ерболат Досаев алдағы 10 жылда Алматыдағы халық саны 4,5 миллионнан асатынын айтты. Сәйкесінше, қаланың бас жоспары халық санына байланысты жасалмақ.

Архитектор Алмас Төлеп Алматының бас жоспарындағы өзгерістерді құптайтынын айтады. Өйткені «шынында да халықтың Алматының ортасына ағылуы үлкен проблемаға айналып отыр, – дейді маман. – Алматыны кеңейтіп, шетсіз қала жасауға әбден болады. Болашақта Қаскелең, Талғар секілді кішкентай қалалар да Алматының құрамына кіріп кетуі мүмкін. Өйткені Алматы – үлкен қала, мұнда Қазақстанның әр адамы жұмыс істегісі келеді, оқығысы келеді, тұрғысы келеді. Халық көбейген сайын, қала да қарқынды дамып отыру керек. Дегенмен қаланы кеңейтеміз деп қаланың тарихи келбетінің моделі болып тұрған үйлерді сүріп тастауға болмайды. Мүмкін болса, жаңартудан өткізіп қойған дұрыс. Қазір қала басшылығы кептелек мәселесін шешуге тырысып жатыр. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құры-лысы аяқталып, 2024 жылы пайдалануға беріледі. Бірақ бұл кептелектің болмауына қаншалықты әсер ететінін сол кезде көреміз».

Батыс қақпа

Батыс қақпа – Момышұлы, Мөңке би, Оңғарсынова, Рысқұлов көшелері төртбұрышында дамымақ. Ол жақтағы «Алматы арена», Alatau Creative Hub, «Алатау» дәстүрлі өнер театры секілді нысандар сол аумақтағы халықтың жиі баратын мәдени орталығына айналды. Құрылыс компаниялары бірнеше тұрғын үй салды. Болжам бойынша, ендігі бес жылда Батыс қақпада тұратын халық саны еселене түспек. Батыс қақпа жобасында BINOM мектебін салу да жоспарда бар. Көпсалалы аурухана, 14 корттан тұратын теннис орталығы, 16 балабақша, 10 мектеп, өрт сөндіру депосы да жоспарда тұр. Көлемі Алматыдағы Ботаникалық бақпен бірдей саябақ та осы ауданда болмақ.

Шымкент

2018 жылы Шымкент қаласы өз алдына республикалық маңызы бар қалаға айналды. Өйткені сол жылы Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Содан бері Шымкентте жаңа кезең басталды. Алайда миллион тұрғыны бар қала 2012 жылғы бас жоспармен дамып жатқан. Оған да қайта-қайта түзетулер енгізілді. Бұрын қаланың аумағы 47 мың гектар болса, қазір 117 мың гектарға жетті. Енді Шымкенттің 2035 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бас жоспары дайындалып жатыр. Оған дейін халық саны 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Яғни құрылыс қарқынды дамиды деген сөз. Шымкентте қала құрылысына келгенде мәселе өте көп. Алдымен тозығы жеткен жер үйлерді қала ортасынан сүріп, орнына шамамен 31 млн шаршы метр тұрғын үй салу керек. Қаланың тас жолдарынан жүктемені азайту үшін бірден бес жолайрық салып, жолдарды қайта жаңғырту ұсынылды. Сондай-ақ коммуналдық көлік паркін іске қосу жоспарлануда.

Шымкент туризм орталығына айналатыны да жиі айтылып жүр. Сондықтан қала сыртында заманауи талаптарға сай жаңа халықаралық әуежай салу, қазіргі ипподромның орнында Қазақстанда жоқ әлемдік деңгейдегі Диснейленд салу да жоспарда бар екен. 427 гектар аумақта Конгресс-холл, «Шымкент Арена» спорт кешені, автосалон, университет, театр, физика-математика мектептері, OKS Education, Astana Garden мектебі, BINOM бірегей инновациялық мектебі, «Бәйдібек» бизнес орталығы тұрғызылады. Бас жоспар бойынша, Шымкентте ауқымды құрылыс болатыны анық. Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарына қарасты 40 ауыл қалаға қосылған. Сондықтан бір жұмысы үшін халық орталыққа қарай сабылады. Бұл қазір Шымкенттегі ең өзекті мәселе.

Астана

Қазақстанда ең көп қаржы, мол ақыл-ой Астана қаласының құрылысына салынды. Өйткені ешбір базалық үлгісі жоқ жоспар жасау керек болды. Сондықтан 2007 жылы Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институты құрылды. Негізгі қызметі – Астана қаласын жобалау, жоспарлау. Астананы жоспарлауға әлемдік деңгейдегі сәулетшілер байқауға қатысты. Астананың бас жоспары 2001 жылы қабылданды, 2030 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтымақ. 2030 жылға қарай Астана қаласы тұрғындарының саны 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Астанада қазір де құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін «Бәйтерек» монументі, Ақорда, «Хан Шатыр» ойын-сауық сауда орталығы, «Астана Арена» футбол стадионы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Назарбаев Университетi қалашығы, «Алау» мұз айдыны сарайы, Қазмедиа орталығы, Кеш-кі қала, Есіл жағасы, «Керуен» сауда орталығы, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Дипломатиялық қалашық, «Әбу-Даби Плаза» көп функциялы кешені секілді көп жоба жүзеге асты. Мыңжылдық аллея, 7 миллион жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай, төбесінде шаңғы тебетін жолы бар «Слалом-үйі», «Жасыл аймақ» қала айналасын көгалдандыру жобасы, «Жабық қала» кешені салынады, оған көршілес қалашықтағы ғимараттар арасына жасанды су арналары тартылады. Ескекті қайықтар қатынайтын «Венеция» жобасы да кезегін күтіп тұр. Алайда тықыр жерге қала салынбағаны анық. Өйткені Астанаға дейін Ақмола деген қала болды. Тұңғыш президенттің идеясымен Астанаға еуропалық келбет беру түрлі архитекторлық шешімдерге алып келді. Ол идея орындалды да. Астанадағы түрлі стильде салынған ғимараттар соның жемісі деуге болады.

Қаланың әдемілігі сыртында емес, ішінде

Қала салуда архитекторлар мен қала басшыларының пікірі қабыспайтынын айттық. Архитектуралық келбеті жағынан ең көп сыналған қала – Алматы. Белгілі архитектор Айдар Ерғалидан Алматының бүгінгі келбеті мен архитектурадағы кейбір мәселелер жайында сұрадық.

– Қазіргі Алматының архитектурасына көзқарасыңыз қалай?

– Мен кәсіпқой сәулетші болғандықтан, көп жағдайда қала құрылысы мен сәулетіне сыни көзқараспен қараймын. Мейлі, ол Алматыға немесе басқа қалаларға қатысты болса да... Оның үстіне, Алматы үлкен қала, оның келбеті қандай деген сауалға біржақты қысқаша жауап беру қиын. Ағашы жайқалған ескі орталығы да – Алматының келбеті, жаңадан зәулім ғимараттар бой көтерген Есентай кешені сияқты заманауи аумақтар да – қаланың келбеті, бірақ сырт жақтағы жеке үйлер абаттандыру мен көгалдандыруға зәру, эстетика мен құрылыс мәдениетінен жұрдай үлкен депрессивті аумақтар да қазіргі қаланың келбеті болып саналады. Сондықтан Алматының келбеті туралы кесіп айту қиын. 

– Алматының даму жоспарындағы «Шығыс қақпа», «Батыс қақпа» жобаларымен таныстыңыз ба?

– Шынымды айтсам, қаланың даму жоспарын әдейі зерттеп танысқан жоқпын. Сондықтан нақты ұсыныстарға өз ойымды білдіре алмаймын. Бірақ қаламыздың шұғыл тұрде шешілуін талап ететін ең өзекті мәселелері айтпаса да белгілі. Оларды анықтау үшін асып бара жатқан маман болудың да қажеті шамалы. Олар әрбір қала тұрғынының көз алдында және ол мәселелер Алматыға ғана тән емес. Ол – дүниедегі әрбір жылдам өсіп келе жатқан қаланың алдында тұратын ортақ мәселе. Тек кей қалалардың ол мәселелерді тиімді және заманға сай жоғары технологиялық түрде шеше алатын қаржылай және интеллектуалдық  мүмкіндігі жеткілікті, кей қалалардікі жеткіліксіз. Алматы сол екі топтың қайсысына жататынын уақыт өте көреміз. Ал нақты мәселелер мен оларды шешу жолдарына  келетін болсақ, олар ең алдымен қаланың инфрақұрылымына, ол инфрақұрылымның заман талабы мен қала өсіміне сәйкес қарқынды даму мен өзгеру қабілетіне байланысты. Олар – көше қозғалысы мен қоғамдық көлік өтімділігі, ауа тазалығы, таза сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі және кәріз суларын тазарту, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу, электр жүйесін тиімді түрде дамыту, қолжетімді үй құрылысы сияқты мәселелер. Сонымен қатар қаламызда жер сілкінісі сияқты апаттардың алдын алу мен дайындық шараларын айтар едім. Қаланың бас жоспары осы мәселелердің бәрін қамтып, кешенді түрде шешім ұсынуға тиіс. Ал абаттандыру мен сәулет көркемдігі – осы үлкен жобаның көзге көрінетін кішкентай бөлігі ғана. Сондықтан бас жоспарды әкімдер немесе қала белсенділері емес, кәсіби деңгейі жоғары арнайы мамандар айналысу керек. Қала басшылығы ол жұмысқа мүлде араласпағаны жөн. Қала құрылысында ешқандай «саяси» шешімдер болуы мүмкін емес. Қала басшылығы осы жұмысты ұйымдастырушы ғана болуы керек. Оған қоса, бұл жұмыста өзіміздің мамандармен шектелмей, шетелдік ірі инженерлік мекемелерді кеңінен тартса тіпті жақсы. Өз басым ондайды әлі көрмеппін. Мүмкін, біздің қайта-қайта жасалып жатқан бас жоспарларымыздың  шықпай жатып ескіруінің себебі де сонда шығар. Дегенмен өз мамандарымызға тіл тигізейін деген ниетім жоқ. Тек бұл мәселелердің күрделілігін айтқым кеп тұр. Мәселен, соңғы кезде қала құрылысында бір «орталықтың» орнына, жер-жерде көптеген орталық енгізу мәселесіне назар аударылып жатқанын естіп жүрмін. Бұл орынды, халықаралық үрдіс, міндетті түрде жақын арада жүзеге асырылуы тиіс өзекті мәселе. Жұмыс орындарының, демалыс орындары мен тұрғын үй аумақтарының бөлек-бөлек жерде орналасуы өткен ғасырдың сексенінші жылдары шыққан. Ол жүйе бүгінгі күннің талабына қайшы. Жұмыс орындары, демалыс орындары, әлеуметтік инфрақұрылым (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері сияқты) әр жерде бірдей көлемде аралас түрде жүзеге асу керек. Сонда қаланың бір шетінде тұратын адам қаланың басқа шетіне жұмысқа, енді бір шетіне демалып, сауда жасауға, енді басқа бір шетіне балаларын оқуға тасып, қатынамауы керек. Бұл өте маңызды. Ол – көше кептелегін, оған байланысты экология мен экономика мәселелерін жеңілдететін бірден-бір кілт. Бірақ көріп жүргеніміздей, жылдам пайда көзін аңдыған құрылыс компаниялары ірі аумақтарды тек көп қабатты тұрғын үйлермен ғана толтырып, онсыз да шиеленіскен жағдайды одан бетер ушықтырып келеді. Айналасында не мекемелер мен кәсіпорындар жоқ, не бақтар мен саябақтар жоқ,  тіпті мектеп пен балабақшалар да жоқ. Оған шұғыл түрде заң жүзінде шектеу қойып реттеу керек. Міне, бас жоспардың негізгі мақсаты осы. Өйткені бас жоспар – заң, оны Парламент бекітеді.

– Урбанизация, қалаларда миллион тұрғын болуының қандай тиімді жақтары бар? 

– Біріншіден, қаланың өсуі – табиғи құбылыс, ол бізге ұнағанына немесе ұнамағанына байланысты емес. Оны шектеу де мүмкін емес. Урбанизация, яғни халықтың жаппай ауылдық жерлерден қалаларға ағылуы – дүниежүзілік климат өзгерісі сияқты біздің қалауымыздан тыс, өзімен-өзі болатын дүниежүзілік үрдіс. Біз тек оның алдын алып қана дайын болуымыз мүмкін. Не дайын болмауымыз мүмкін, онда урбанизация тез арада теріс сипат ала бастайды. Ал екінші жағынан қаланың өсуі өте пайдалы, өйткені тұрғындар санының артуы – нарықтың артуы, ол қаланың экономиканың тұрақты өсуіне ауадай қажет. Қазіргі заманда жеке адам қаншалықты кедейліктен қорықса, қалалар да кедейлікке батпаудың бар амалын іздеу керек. Өйткені қазіргі қаланы асырап, тіршілігін тиісті деңгейде ұстап тұру өте ауқымды қаражат қажет етеді. Тек бай қала ғана жақсы қала бола алады. Сондықтан қаланың толыққанды нарық қалыптастыру қабілеті маңызды. Сондықтан қалалар миллион емес, пәленбай миллион тұрғынды болуға тырысады.

– Еліміздегі үлкен қалалар аумағындағы кіші қалаларды «жұтып» қоюы мүмкін бе? Мысалы, Алматы – Қаскелең мен Талғарды, Астана – Қосшыны дегендей...

– Бүгінгі күні қалалардың өсу стратегиясы көлемдерінің шексіз өсуі арқылы емес, айналасындағы қалашықтар мен басқа елді мекендермен бірлесуі арқылы өтеді. Ол агломерация деп аталады. Ол – бір қаланың басқа қаланы «жұтуы» емес, өзара пайдалы симбиоз жүйесін құруы. Бұл өсіп келе жатқан қала мен қоршаған ортаны белгілі бір тепе-теңдікке келтіреді. Мен Алматының сыртындағы таза жерлерге құрылыс салуына тыйым салар едім, мысалы. Оның орнына ішкі резервті тиімді пайдаланып, айналасындағы қалашықтарды дамыту керек. Қашанғы Қаскелең немесе Талғар сияқты қалашықтар ауыл болып қала береді? Олардың бәрі бірігіп, өзара заманауи жылдам көлік жүйелерімен байланысып, тіпті Талдықорған сияқты тамаша қалаларды қамтитын агломерация құру керек. Ал бір күні ол да өзінен үлкен Алматыдан Шымкент-Қызылордаға дейін созылған агломерацияға қосылатынына күмәнім жоқ. Оны «оңтүстік» агломерациясы дейік...

– Қаланың әдемілігі дегенді сәулетінің сәні деп түсінетіндер бар. Сондықтан бірден қаланы абаттандырумен айналысып кеткен мамандар болды. Қаланың әдемілігі дегенді қалай түсіндіріп бересіз?

– Әрине, қаламыздың әдемі болғанын қалаймын. Бірақ адамның сыртқы әдемілігі тек ішкі әдеміліктің көрінісі болғанда ғана құнды болатынындай, қаланың әдемілігі де барлық ішкі жүйелерінің толыққанды және логикаға сай дамуынан шығу керек. Басқа мысалмен айтатын болсақ, бәріміз де Үстірт не Көлсай сияқты табиғи қорықтардың сұлулығына тәнті боламыз. Бірақ ол сұлулық әдейі сұлу болу үшін пайда болған жоқ. Ол – табиғаттағы объективті физикалық, химиялық, геологиялық, басқа да құбылыстардың өз орнын алғанынан шыққан сұлулық. Қаланың көркі де сол. Ол ішінен қалыптасып шығу керек. Оның әдемілігі ішіндегі әрбір компоненттің әдемілігіне, оның сапасы мен пайдалылығына байланысты. Бұл – жалпы дүниежүзілік дизайндағы әйгілі Form follows function, яғни форма функцияның ізімен жүреді деген қағидасы. Міне, сондай әдемілікті әдемілік деп білем. Оның нақты қандай болатынын білмеймін. Оны ешкім де білмейді. Өйткені әдемілік сезімі –  мидың әлі зерттелмеген шартты феномендерінің бірі, оны түсіну, түсіндіру немесе нұсқау мүмкін емес.

– Рақмет!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы