• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Желтоқсан, 2022

Тұран жолбарысы келе жатыр

Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру үшін Іле-Балқаш алыбына амур жолбарысын жіберу керек екені айтылып келеді. Негізі бұл бастаманы WWF (жабайы табиғатты қорғау тобы) өкілдері 2006-2007 жылдары көтере бастады. Астанада өткен EХРО2017 көрмесі кезінде WWF International, WWF Ресей және Қазақстан үкіметі арасында аталған бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазір амур жолбарысын жерсіндіру үшін ғалымдар Іле-Балқаш аймағында экожүйе қалыптастыруға белсене кірісіп кеткен.

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумы болды. Сонда екі елдің президенті тұран жолбарысы туралы да сөз етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олардың соңғылары өткен ғасырдың 30-жылдары байқалған. Кейін Ұлы Отан соғысының алдында Қазақстан аумағынан жоғалып кетті. Бұл – дала барыстары. Олар кезінде азулы барыс болған. Сондықтан қазір осы барыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін халықаралық жоба дайындап жатырмыз. Оларды Тұран барысы дейтін... Биологтар оларды қалпына келтіру үшін жұмыс істеп көруге тиіс. Бұл мақсатқа 100 пайыз жету мүмкін болмаса да, тырысып көру керек. Бізге басқа елдердің мамандары көмектесіп жатыр...» – деді.

«Неге Тұран жолбарысы деп аталған?» деген сұрақ туындайтыны анық. Тұран атауына талас тудырып жатқандар да бар. Тұран мемлекеті аңыз бойынша қазіргі Өзбекстан, Қазақстан және Ауғанстан мен Пәкістанның солтүстік аймақтарын қамтыған. Бұл аймақ – шамамен қазіргі Орталық Азия. Тұранды түркі халықтарына жақындатқысы келмейтіндер де, түркілердің жері дейтіндер де табылады. Кім қалай десе де, Сырдария өзені мен Арал теңізінің бойын, Балқаш көлі мен Іле өзені аумағын бір кездері ұзындығы 4 метрдей, салмағы 300 келідей, тұрқы ірі түз тағысы мекен еткен. Оны «Тұран жолбарысы» деп атаған. Тұран болмаса, тұран жолбарысы қайдан шықты әйтпесе? Тұран жолбарысы бір кездері Түркияның солтүстік-шығысында, Ирак, Иран, Кавказ елдері, Ауғанстан, Қазақстан және Солтүстік-Батыс, Қытайдан Тарым ойпатына дейін және Лобнор көлінің жағасын мекендеген екен.

Жолбарыстың жойылуы

Тұран жолбарысының жойылып кеткені туралы түрлі деректер айтылады. Бір анығы – оның терісінің бағалы болғаны. Өйткені жергілікті халық Тұран жолбарысын аулап, өлтіріп, терісін ақшаға, азық-түлікке, дүние-мүлікке айырбастаған әрі жүні қолөнер үшін жақсы пайдаланылған. Сондай-ақ адам қоныстанатын аймақтар керек болған соң, Тұран жолбарыстары мекен ететін аумақтарды өртеп, оларды жер ауып кетуге мәжбүрлеген. Тіпті жазалаушы отрядтардың сарбаздары арнайы аулап, терісін шен-шекпенділерге сыйлаған деседі. Тұран жолбарысының қай жылы қаншауы, қалай ауланғаны туралы статистика бар. Алайда соңғы рет Тұран жолбарысын 1930 жылы көргендер бар делінеді. Ғылыми деректерде Тұран жолбарысы өзі мекен еткен аймақты өте таза ұстаған. Қасқырлар көбіне ауру-сырқаудан әлсіреп, өлуге айналған жануарлармен қоректенсе, жолбарыс жаңадан ауыра бастаған, бірақ жан-жағына ауру таратып үлгермеген жануарларды аулаған. Бұл табиғи процеске адам араласқанда, Тұран жолбарысы мекендейтін экожүйе бұзыла бастаған. Мысалы, «Кеңес Одағының сүтқоректілері» кітабында «жолбарыстың жоғалуына ландшафттың өзгеруі де шешуші рөл атқарды, бірақ, ең бастысы, әскери аңшыспортшылардың жоюы әсер етті» деп жазылыпты.

Тұран жолбарысы қалай «тіріледі?»

Тұран жолбарысы жойылып кеткенімен, терісі мен денесінің басқа бөліктері мұражайларда сақталған. Бұл терең генетикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді. Зерттеу барысында Амур жолбарысы мен Тұран жолбарысының ДНҚ-сы бірдей екені белгілі болды. Сондықтан Тұран жолбарысын қалпына келтіруге болады деген тұжырым жасалған. Мұны реинтродукция деп атайды. Жалпы әлемде Кавказдағы леопард сияқты мысық тұқымдастарды реинтродукциялаудың біраз түрі бар. Тұран жолбарысын реинтродукциялау үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең – экожүйені қалпына келтіру. Іле өзенінің сағасы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде осыдан 100 жыл бұрын болған экожүйені қалпына келтіру үшін ғалымдар ормандарды (тоғайлы ормандарды) қайта өсірмек. Ол үшін 415 мың гектар жер бөлінген.

Екінші кезең – жабайы тұяқтылар популяциясын қалпына келтіру, былайша айтқанда, жолбарысқа керек қорек қорын қамтамасыз ету. Зоологтар жабайы шошқа, елік, қарақұйрықтардың санын еселеп көбейтуді көздейді.

Одан кейінгі кезең – Амур жолбарыстарын Балқашқа әкелу. Жолбарыстың бұл түрі Балқашқа Ресейдің Қиыр Шығысынан әкелінбек. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры зоологтарының айтуынша, бұлар мүлдем жабайы, яғни хайуанаттар бағынан емес. Олар адамдардан қорқады және олардан аулақ болуға тырысады. Енді Іле-Балқаш резерватына 2025 жылы екі аналық, бір аталық Амур жолбарысы әкелінеді. Бұл жобаға 10 миллион еуродан астам қаражат жұмсалады деп жоспарлануда. WWF Ресей өкілдігінің директоры Григорий Мазманянцтің айтуынша, бағдарлама бірнеше қайнаркөзден қаржыландырылады. Негізгісі, Қазақстан және WWF және қолдаушылар да бар. Мысалы, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы радиостансалар, GPS-навигаторлар, автокөліктер, кеңсе және басқа да жабдықтарды сыйға тартқан. Олар тіпті алғашқы бесжылдықтың басқару жоспарын жасауға да көмектесіпті. Бюджеттік қаржыландыру резервтегі қызметкерлердің еңбекақысы мен әкімшілік шығыстарына жұмсалады, көлік шығындарының басым бөлігін жабады. Қалғанының барлығын WWF төлейді.

Бұдан қандай пайда бар?

Біріншіден, жергілікті халықтың мазасын алған қасқырлар кетеді. Егер жолбарыс қойларды жарып тастайтын болса, WWF әрбір қой үшін төлемге кепілдік береді. Екіншіден, бұл бастама туристерді тартады, демек, жергілікті тұрғындарға қосымша табыс әкеледі. Жолбарыс жылына 60-қа жуық жабайы жануарларды жейді. Тарихи деректерге сәйкес, жолбарыстың 65%-ы – жабайы шошқа мен елік, 25%-ы бұғы жеген. Қалған 10%-ы – қарақұйрықтар, құландар, ақбөкендер.

Тұран жолбарысы (Каспий жолбарысы) денесі жағынан – ірі. Бас сүйегінің жалпы ұзындығы аталығында – 33,7-36,2 см, аналығында – 28,4-28,7 см, басы мен денесінің ұзындығы 160-270 см, құйрығы 90-110 см. Салмағы 270-290 келіге жеткен. Тұран жолбарысының түсі амурға қарағанда қызылырақ болды. Көлденең жолақтарының түсі ашық, басқаларға қарағанда ұзын, жіңішке және жиірек. Жотасы кең және ортасынан бөлініп тұрады. Артқы жағындағы жолақтар қара. Тұран жолбарысы – өз тұқымдастарының ішіндегі ең жүндісі. Әсіресе қыста жүні қалыңдап кетеді. Алдыңғы табанында – бес саусақ, артқы табанында төрт саусақ бар, барлығында тырнақ бар.

Амур жолбарысының ерекшелігі

Бұл жолбарыстың үй мысығы сияқты 30 тісі бар. Ол бір жарым метр қарда және 40 градус аязда өмір сүре алады. Денсаулығы нашарласа, ормандар мен егістіктерде өсетін емдік шөптермен емделеді. Түнде көзі адамдарға қарағанда 5 есе жақсы көреді. Амур екі қабат үйдің биіктігіндей жоғары еш қиналыссыз секіре береді, бұл шамамен 5-6 метр. Омбы қарда сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Салмағы 384 келі болатын амур жолбарысы тіркелген. Ол – алып күшке ие әлемдегі ең үлкен жолбарыс.

«Шақан жалмауыз жолбарысты артқы сирағынан сүйреп, топса, тиегі жұлына сынған есіктен әрең асырды.Ақ қар үстіне көлденең салған. Жалғыз ұлын жеген, жас әйелін өлтірген, енді өзін паршалауға шақ қалған жалмауыз арыстай болып, сұлық созылып жатыр. Бар бітісінде ызғарлы сұлулық бар. Енсіз әрі қысқа қара жолақты, керіскедей қызғылтым сары. Тығыз, майда түгі жаңа атқан таң жарығында, кіршіксіз қар үстінде қалы кілемдей құлпырады. Әзірейіл әдемі болады деп кім ойлаған! Өлі әзірейіл».

(М.Мағауиннің «Шақан Шері» романынан үзінді)

P.S. Тұран жолбарысы дегенде бірнеше сұрақтың басы қылтияды. Кезінде айналасына қауіп төндірді деген желеумен аяусыз қырылып, жойылып кеткен Тұран жолбарысын қайта қалпына келтіру не үшін керек екенін жаздық. Алайда бұл сұраққа негізгі жауап айтылған жоқ. Ол қандай жауап екенін ішіңіз сезетін шығар...

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы