• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 14 Желтоқсан, 2022

«Айттым сәлем, Қаламқас» қай әнге ұқсайды?

Абайдың өзі шығарған бірқатар әні мен күйі бар екені жалпақ жұртқа таңсық емес. Әндердің бірін әлдебір кісі бастай қалса, демде қосыла кетеміз. Құлаққа сіңген, әуені жадымыздан өшпек емес. Бүгін жас достарымыз үшін Абай ән әлеміне қалай келді деген сұраққа жауап іздеп көрелік...

Осы уақытқа дейін Абай музыкасының зерттелуі өлеңдерінен кем түскен жоқ. Бірақ зерттеулердің сипаты заманына қарай өзгергенін байқауға болады. Мысалы, Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» жинағында Абайдың әндерінің тууына орыс мәдениетінің ықпалы көбірек болды дегенді алға тартады.

– Абайдың музыка шығаруға келу жолы ерекше болды, – дейді ол «Абайдың әндері мен күйлері» жинағындағы мәтінде. – Ұлы орыс халқының мәдениетімен таныс, оның демократ ақын-жазушыларының шығармаларын оқығандығы арқасында ол қазақтың әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңалықтар тудырды, өлеңдеріне жаңа өлшеу, ырғақ енгізді.

Ахаңның бұлай жазуы «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенге саяр. Себебі, Абайдың 175 жылдық мерейтойында жарық көрген үш томдық академиялық жинақта мынадай мәтін бар: «Ақын әндерінің алғашқы және кейінгі жинақталуының арасында 10-15 жылдай уақыт бар. Осы екі арада Абай әндерінің радио, концерттерде орындалуына қатаң тыйым салынған кездер де болған. Ол туралы Б.Ерзакович: «...революцияға дейінгі басқа да көптеген ақындарға, кеңес әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің алғашқы қайраткерлеріне деген сыңарезу қате бір саясат өріс алып, Абайдың әндерін концерттерде орындауға тыйым салынды. ...Абай әндері музыкалық хабарлар мен көпшілік концерттерде бағдарламадан алып тасталынып жүрді», – дейді.

Дегенмен Ахмет Жұбанов өз пікірін нықтай түседі. Сөз жоқ, Абай музыкасын көп зерттеген Жұбановқа бұрынғы-соңғы зерттеушілер иек артады.

– Абайдың басқа әншілерден айырмасы, ол қазақ әндерімен қатар, орыстың халық музыкасын, қаланың демократиялық әндерін және романстарын есітті, – дейді Ахмет Жұбанов. – Ол Семейде бола жүре, орыстың Глинка, Рубинштейн сияқты музыка шеберлерінің романстарын есітті, Абайдың орыс достары да оған музыка жағынан әсер етпей қойған жоқ. Демократиялық әнроманс лирикасы ол кезде Ресейдің алға басушы арнайы білімі барлар арасында көп жайылды. Ал сол интеллигенцияның бір тобымен үнемі кездесіп жүрген Абай олардан, сөзсіз, музыкадағы демократиялық ағымды түсінуге де жәрдем алды. Оның үстіне, Абай ауылына келген орыс достары, орыс қонақтары көңіл көтеретін кездерде ыңылдап ән салмауы, музыканың төңірегінде Абаймен әңгіме-дүкен құрмауы мүмкін емес. Бұларға қосымша Абайдың Санкт-Петербургте оқып жүрген баласы Әбдірахман кәсіпқой аспаптық музыка үлгілерін, батыстың музыкалық шығармаларын жаз айларында демалысқа келгенде алып келіп жүрген. Абай ауылында солдаттықтан қашқан татарлардың сол арада қалып, қоныстанып, үйленіп, сіңіп кеткендері аз болмаған. Олар да өздерінің «тальянкалары», скрипкалары, мандолиналары арқылы татар, орыс халық әндерін, орыстың қалалық әндерін орындаған. Абай ауылында домбыраға үш сым шек тағып тарту дәстүрі осылардан – мандолина үлгісінен болу керек. Біздіңше, Абайдың әндерінде орыстың, украинның халық әндеріне еліктеу, ән, романстың лирикалардың үлгісін алу, қаланың демократиялық музыка дәстүрінің ізінде болу – осылардың негізінде жаңа түрлі, жаңа ырғақты, жаңа мелодиялық құрылысты ән шығару Абайдың музыкаға келген жолының бір тарауы. «Замана бұлбұлдарына» осылай деп шегелеп жазған Ахмет Жұбановтың жазбасы Абай музыкасы зерттелуінің әліппесі болғандай. Алайда кейінгі зерттеулер жаңа деректерді жариялайды. Соның бірі – жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабы.

– Абайдың жұртшылыққа түгел тараған «Айттым сәлем, Қаламқасы» орыстың «Кари глазки» деп аталатын ежелгі халық әні боп шықты. Ежелгі дейтін себебім, әннің мәтінінде слованизмнің шалдығы бар. Әннің «Карие глазки» болмай, «Кари глазки» аталуы, үнді бір әріптің түсіп қалуы, толып жатқан келте орам, қайырылыстар осыны аңғартады, – дейді Тәкен Әлімқұлов.

Солай дейді де, оған бірнеше дәлел-дәйекті келтіреді. Дерегі дәлелсіз де емес. Мәскеуде оқып жүргенінде «Айттым сәлем, Қаламқасты» ыңылдап айтып жүргенінде, көрші пәтерде тұратын орыс кемпірдің бұл әнге қайран қалып, «бұл – орыстың әні» деуі, кейін бұл сөзді Алматыдағы бір орыс кемпірдің де қайталауы Тәкеннің зерттеуіне айналады. Шынында әлеуметтік желіден «Кари глазки» деп іздеп тапқан әніміз Абай әніне ұқсас. Ал 2020 жылы шыққан Абайдың академиялық үш томдығында құрастырушы (редакция алқасының бірі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман) осы мәселеге назар аударады. Жинақтың 2-томында былай дейді:

– Абай әндеріне қатысты осындай біржақты ойлардың бүгінгі күнде ескіргені, жаңа көзқарастың қажет екендігін музыкатанушы С.Күзембаева да айтады: Ол: «Абайдың лирикалық әндерін сөз еткенде, ескере кететін бір проблеманы еске салған жөн. Ол – Қазақстан музыкатану ғылымында осы күнге дейін қалыптасып келе жатқан орынсыз ой-пікір. Бұл қате тұжырым бойынша, Абайдың нағыз ұлттық нақышпен безендірілген, нағыз қазақы туындылары «Айттым сәлем, Қаламқас» пен «Желсіз түнде жарық-ай» әндерін орыстың «Карие глазки» романсы мен орыстың халық әні «Коробейникиге» еліктетіп шығарылған, тіпті бұл әндерді Абай жазбаған да шығар деген күмәнді сөздер айтылып келеді. Біздің ойымызша, бұл теріс ұғым – кеңес заманы идеологиясының салдарынан шыққан тұжырым. Соншама әндер шығарған Абай тек осы екі әнге келгенде, қалайша олардың авторы болмайды?! Рас, Абай кезінде өз ортасында әртүрлі халықтардың музыкасын естіп, табиғи дарынының арқасында оны қабылдап, өз шығармашылық лабораториясынан өткізгені мәлім, соның нәтижесінде біз Абай тек өз мәнеріне тән әндер жазған деп толық айта аламыз», – дейді.

«Әнді сүйсең, менше сүй» деген Абайдың қазақ әндерімен бірге, орыстың да, елге жеткен басқа да халықтың әндерін зер салып тыңдағаны байқалады осыдан соң.

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа, – дегендегі «такты» деген жаңа сөз қолдануы да Абайдың көп дүниеден хабардар болғанын білдіреді. Ән туралы айтқан оралымдары көптеп кездеседі.

Әлбетте, біз Абайдың бүкіл әні осындай мәселеге тіреледі деп отырған жоқпыз. Аударма өлеңдерінің бірдіекісі кеңес үкіметі кезінде осындай мәселе тудырғанын, оған бүгінгі зерттеушілердің пікірін қоса келтіріп отырмыз. Абайдың аударма өлеңдердің бәрін бірдей өз жанынан шығарғандай, қазақ жырымен біте қайнасып кеткендей қалыптағаны оқырманның таңдайын қақтырады. Жас оқырмандарымыз түпнұсқа өлең мен Абай аудармасын қатар салыстырса, сөз жоқ, аударма саласын да Абай шыңға шығарып кеткенін түсінеді. Біздің айтпағымыз, «орыс әніне ұқсас» дейтін бірді-екілі әнді де Абай осылайша қалыптаған, осылайша жан бітірген шығар. Қалай болғанда да, Абай бүкіл шығармашылық мұрасы арқылы үлкен рухани ізденіс жасаған. Осылайша Абайға сәт сайын таңдай қағамыз.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы