• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Тамыз, 2023

«Торғай қыз», жас журналист және қырдағы қызғалдақ

Есімім – Шәрипа Жұмабайқызы. Әлеужеліде көбі малшы қыз, ауылдағы журналист Базарбаева деп таниды. Туған жерім – Қостанай облысы, Торғайдың қызымын. Бірақ Батыс Қазақстан облысының ең шалғайдағы Жәнібек ауданы Қамысты деген ауылында өсіп-өндім. Бала күнімде көшіп келгенбіз. Ата-анамның бес жыл зарыға күтіп, Құдайдан тілеп алған тұңғышымын. Бес бауырым бар. Әкем – ауыл имамы. Жиырма жылға жуықтады. Анамыз үйде. Кішкентайымнан әкем ауылдың, көрші ауылдардың шақырған жеріне мені ертіп жүретін. Үш-төрт жасымнан тілім тақылдап шығып, тақпақтар айтып, баталарды жатқа термелейтінмін. Мені бәрі «Торғай қыз» деп еркелететін, Торғайдан көшіп келгесін. Қонақта үлкендер «құйма құлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын қыз бол» деп қойдың құлағын көп беретін. Әжелер «тіл-көзіміз тасқа, пысықсың, сенен бірдеңе шығады» деп тілден де кесіп беретін. Қазір қандай да бір жақсы жетістікке жетсем, елдің алғысын алып жатсам, осындай көпті көрген көнекөз қариялардың риясыз ақ батасын алып өскесін шығар. 

Мектепке бес жасымнан, оқу-жазу, бәрін біліп бардым. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ «журналист болам» деп армандадым. Бала күнімізде тілшілердің тынымсыз тірлігін білмейміз ғой, ол кезде халық пен билік арасындағы көпір болып, халықтың мұң-мұқтажын айтамын дегенді білмейміз ғой. Журналистің жұмысы – шашын буып, әдемі боянып, көк жәшікте жарқырап жаңалық оқып отыратын жұмыс деп ойлайтынмын. Содан мектепте қатарымның алды болдым. Мен бір естіген әңгіме болсын, өлең болсын, бәрін бірден қағып жаттап аламын. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен біраз олимпиаданың, мәнерлеп оқу сайыстарының, Мұқағали, Махамбет оқуларының жүлдегерімін. 8-сынып оқып жүргенде облыстық 11-Абай оқуларының жеңімпазы атандым. Ақындық бағыты бойынша. Одан Семейде өткен республикалық кезеңде үздіктер қатарынан көріндім.

Солай портфолио жинақтап, журналистика факультетіне оқуға түсуге бекіндім. 2013 жылы аудан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинап, мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. Содан арман қуып Астанаға кеттім. Әкем өзі алып барды. Журфакта шығармашылық емтихан тапсырамыз. Ол жерде де ең жоғары ұпай жинап, журфактың грантына түстім. Мен үшін, әкем үшін ол үлкен мақтаныш болды. Себебі, еліміздің үздік мектептерін бітірген балалар оқуға түсе алмай жатқанда, Батыстың әлі күнге дейін салынып бітпей жатқан, ойқы-шойқы, шұрық-тесік жолымен әрең жететін 500 шақырым жердегі шалғай ауылдың кішкентай мектебінен бардым. Университет қабырғасында жүріп те белсенді студент, факультеттегі «Алтын белгі» қауымдастығының төрайымы болдым. І курстан бастап қысқы-жазғы демалыста үйге барып жатып алмай, облыстық телеарнаға келіп тәжірибе жинадым. Екінші курс оқып жүргенде бастығым, мықты журналист Асланбек Ғұбашев ағай мені алғаш эфирге шығарды. Жаңалық оқыдым. Маған үлкен қолдау білдіріп, студент қой демей эфирге шығарып, азын-аулақ болса да, жалдап тұратын пәтеріңе төлерсің деп еңбекақы тағайындады. Еш жерде практикант студентке ақы төленбейді. Менің «үйренем, білем» деген ұмтылысымды бағалағаны шығар бастығымның.

Төртінші курсты қашықтан оқыдым. Себебі, Асланбек ағай деканмен сөйлесіп, жұмысқа шақырды. «Тек емтиханға жіберіп тұрам, сосын диплом қорғар кезде барады» деді. Сөйтіп, оқуымды да қызыл дипломға бітіріп шықтым. Дипломым қолға тиген күні облыстың бұрынғы «Қазақстан-Орал», қазіргі «Ақжайық» арнасына штаттық режимде редактор-журналист болып жұмысқа кірдім. Бастығым: «Сен жаңалықты жақсы жасайсың, оған икемің бар. Оны кез келген уақытта қатырып алып кете алатыныңа сенемін. Сондықтан басқа бағыт, тақырыптық хабарлар жасап үйрен. Сауатты жазып-сөйлеп үйрен», – деп тақырыптық хабарлар бөліміне жіберді.

Шынымды айтайын, мен эфирде өзімді «судағы балықтай» сезінемін. Мейлі, ол тікелей эфир болсын, бәрібір алып шыға аламын. Бірақ жазу жағынан кем тұстарым көп. Бірақ тақырыптық хабарлар жүргізе жүріп біраз төселдім. Маған аптасына бес рет тікелей эфирге шығатын ақпараттық-сазды «Күншуақ» бағдарламасы мен «Сыр толғау» бағдарламасын берді. Екеуі де – студияға қонақ шақырып, белгілі бір тақырыпты талқылап, сұхбат жүргізу. Маған әсіресе «Сыр толғау» қиынырақ соқты. Сәбит Досанов, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржанов, Шолпан Қыдырниязова, Меруерт Өтекешева, әншілер Нұрлан Өнербаев, Бағдат Сәмединова, Саят Медеуов, Рамазан Стамғазиев, т.б. бар… «Бұл танымал тұлғалармен кеше ғана жұмысқа кірген мен қалай әңгіме айтамын, не сұрақ қоямын?» деп жылап, уайымдайтынмын. Екі-үш күнде ақындарымыздың өлеңдерін зерттеп, қаламгерлердің кітаптарын оқып, түні бойы ұйықтамай дайындалатынмын. Сұқбат барысында бірақ бүкіл қобалжуымды мейілінше көрсетпей, кәсіби журналист ретінде көрінейін деп тақылдап отыратынмын. Қызық.

Мені алғаш эфирден көрген әкем көзіне жас алып, бүкіл ауылға мақтанып, Құдай жолы садақасын жасады. Жалпы ТВ-ға келгеніме бес жыл болса, оның екі жылында ғана штаттық режимде істедім. Кейін теңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Несін жасырайын, мақтағаным емес, бірақ өзімді жан-жақты қызбын деп ойладым. Білімдімін, сауаттымын, тіл білемін, өз тарихымды, өз әдебиет-мәдениетімді, салт-дәстүрімді, ырым-тыйым, мақал-мәтел, ертегі, халық ауыз әдебиеті – бәрін оқып, бәрін зерттеп жүретінмін. Спортқа да жақынмын. Жеңіл атлетика, үстел теннисінің жеңімпаздарымын. Биатлон, хоккей спортына қызығушылығым зор. ҚХЛ, ҰХЛ-ды жібермей қараймын. Биатлон – ең сүйікті спортым. Норвегия, Германияда тусам, Магдалена Нойнер, Дария Домрачевалар сияқты спортшы болар ма едім... Әзіл ғой, қазақтың қызы болып туғаныма мың да бір шүкір. Айтпағым мынау еді ғой, менен білімі асып түспесе, кем түспейтін, мықты, спорттан хабары бар, өз тарихын түгендей алатын, қолынан іс келетін жігіт жолықса деп тілейтінмін. Құдай тілегімді қабыл етіп, ата мен әженің қолында ертегі тыңдап, мал бағып өскен, білімді, білекті Өркен деген азаматқа кездестірді. Алғашқы кездескенімізде сұрағаным: «Қазақ хандығының қай кезеңде, қай ханның тұсында құрылғанын білесің бе? Абай жолын оқығанбысың?» – деген сұрақтар болатын. Сөйтсем, екеуміз де сол кезде Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» кітабын оқып жатқан болып шықтық. Ол да облыстағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернатты «Алтын белгіге» бітірген, оқушы кезінде республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының жүлдегері атанған, «жылдың жас географы» деген марапаты бар, ЕҰУ-дың экономика факультетін үздік бітірген студент болып шықты. Өте білімді, алғыр, еңбекқор, қайратты азамат. Екеуміз отау құрдық.

Алғашқы екі жыл үлкен ата-ене, ата-әжемізбен тұрдық. Өте бір керемет жандар, отырып-тұрған сайын еркелетіп, айналып, толғанып «журналист немерем» деп отырады. Үйінде еркелеп өскен ерке келіндерін екі жылда «бесаспап келіншек» етіп тәрбиелеген – үлкен енем. Әжеміз. Екі жыл тұрдық, одан кейін жолдасым жұмыс бабымен өзі қызмет ететін компанияның Атыраудағы филиалына директор болып орналасты. Мен тұңғышымды дүниеге әкеліп, ата-әжемізге келіндік қызметімді атқарып, Оралда, үйде қалдым. Жолдасыммен сөйлескен сайын, дауысы бәсең шығады. Істеп жүрген жұмысы өзіне ұнамайтындай көрінді. «Бәлкім, жалғыз қиналып жүрген шығар» деп, ата-енем, әке-анамыз немерелерін бауырына басып, мен сегіз айында сәбиімді тастап Атырауға жарымның қасына бардым. Ол жақта бос отырмай, ұстазым Қанат Әуесбайұлының шақыруымен «Атырау» телеарнасына диктор болып орналастым. Тікелей эфирде күніне төрт рет жаңалық оқып, жұмыс істедім.

Бірақ жолдасым бәрібір бір түрлі болып жүрді. Ол маған «ауылға емес, далаға, маң далаға барып тұрып, қырда еңбек етейік» деп айта алмай жүр екен. Мен үйде қазақы, имани тәрбие көріп өстім. Әкем әркез «ер адам әйел адамнан бір саты жоғары тұрады, қызым. Қанша жерден сенікі дұрыс болса да, еріңе бәрібір бағынасың, соңғы сөз сонікі» деген еді. Сондықтан мен өзім де ешқашан жұмысымды отбасымнан биік қойған емеспін. Сондықтан бір күнде екеуміз шешім қабылдап, заттарымызды жинап, қырдан бір-ақ шықтық. 

Біз тұратын жер – Батыс Қазақтан облысы, Тасқала ауданы, 2-Шежін деген ауылдың Жаңауыл деген қыстақ-жайлауы. Ауылдан 70 шақырым жер. Маң далада екі-ақ үй. Екеуі де біздің үй, біреуінде көмекшілер бар кезде солар тұрады. Ешқандай электр желісі тартылмаған. Жарық – күн батареясымен. Байланыс-интернет жоқ. 4-5 қора, маңырап-мөңіреген мал, екі үй. Басында қатты қиын болды. Қалай тұрамын дейтінмін. Тұруды қоя берші, не істеймін деп ойладым! Біз қыста келдік, үй мұп-мұздай. Жарық жоқ. Күн бұлтты болғасын, батарея қуат алмаған. Теледидарды күн шақырайып шыққанда ғана қараймыз. Басқа ешқандай тұрмыстық техника қосуға болмайды. Көтермейді. Өркен «үйде бол, тамақ пісір» дейді. Жарық түскенде кетеді, мен үйде қаламын. Күні бойы жылап, өзіммен-өзім алысып, бұрқылдап сөйлеп, күйеуім келгенге дейін бар ашуымды шығарып аламын. Бірақ оған көрсетпеймін, себебі, өзім келістім. Ол да бәрібір сезеді ғой. Мені аяп, кеште трактордың генераторын алып келіп, «екі сағат телевизор қарап алсаң болады» дейді. Бірақ одан артық емес. Сосын таңертең тұрып өзі от жағады. Мен шай беремін.

Бір күні таңертең ерте кетті, үй салқын. Көргенімді істеп, бірінші рет от жақтым. Ауылда өссем де, біз от жақпадық. Қыз күнімде үйдің тірілігіне мүлде араласпадым. Папам «қызым оқысын, дым істетпе» дейтін. Басында қойдың тезегін (қиын) жағамыз. Соған үйреніп қалғам. Ақпанда күн қатты суық болды, ол кезде көмір жақтық. Бірінші рет көмір жағып көріп жатырмыз. Күлін алып, ағаш қалап, тұтатып жібердім. Сосын көмір әкеп салдым. Бір айналып келіп қараймын, өшіп қалған сияқты көрінді. Көмір әлі солайымен тұр. Қайта тұтатайын деп ойлап, солярканы құйып кеп қалғанда, от лап етті бетіме. Қасым, кірпігім, шашым күйіп қалды. Құдай сақтады. Сөйтсем, көмір өзі солай асықпай астынан жанады екен ғой. Солай-солай от жағып үйрендім.

Шай ішеміз де, күйеуіммен бірге малға шығам. Малды суатқа айдап апарып суарам. Суарып болғасын, айдап әкелем. Басында малдан қорқатынмын. Бірақ оған да үйрендім. Содан көктем келді, малдар төлдей бастады. Күні-түні қорада жүреміз. Өзіміз далада отырғасын, бір бұзау, бір қошақанды өлтіріп алғымыз келмейді. Оларды да аман-есен тудырдық. Бір күні сүтті сиырдың біреуі туды. Мен сиыр сауа алмайтынымды айттым. Өркен «жә, саумай-ақ қой» деді. Сол күні көрші ауылға барып келді. Сондағы көрші апа: «Келін сиыр сауып отыр ма?» – деп сұрапты. Күйеуім «жоқ, сауа алмайды» дегесін, «ондай келіннен не пайда?» деген ғой әзілдеп. Үйге келіп, кешкі шай үстінде соны аңдамай айтып қалды. «Көрші апаның май қаймағын жеп келдім» деп мақтанды. Түні бойы ойланып жаттым, менің қолымнан сиыр сауу келеді, негізі, несіне қорқам? Таңертең тұрып, сиырды айдап әкеліп, басын байладым. Одан «артқы екі аяғымен теуіп жіберер, құйрығымен қағып жіберер» деп құйрығын аяғына қосып байлап, бір шелек сүт сауып алдым. Әлі уыз екен. Ана сиырдың желіні ісіп, толып тұрған болып тұр ғой. Ол да маған риза болғандай тыпырламай тұрды. Мен де мәз. Солай бірінші рет намысқа тырысып, сиырды да сауып алдым.

Сосын сүт тартып, қаймақ-май, ірімшік, құрт, қайнатылған қызыл құрт, ірімшік, айран, көже – бәрін ешкімнің көмегінсіз өзім үйреніп алдым. Қалаға барып тұрамыз, баламызға. Сонда интернеттен бәрін оқып алам, өзіме жазып аламын. Үйге келіп істеймін. Солай-солай үйрендім. Сол жылы тағы да сәбилі болатынымызды білдік. Аяғым ауыр болса да, қырда тұра бердік. Ай-күнім жетіп, босанатын күнге дейін сиырымды саудым. Майымды жинадым. Қызымыз аман-есен өмірге келді. Сөйтіп, қырдағы екі жылымыз өте шықты. Былтыр Өркен ауылға интернет қондырды. Шымкенттен алдыртып. Ол бір бөлмеде ғана ұстайды. Есік алды, көрші бөлмеде ұстамайды. Оның өзі бір қуаныш болды.

Достарымыз, ағайын туыс бәрі «сен видеоға түсір, салшы әлеужеліге» деген соң ТикТок парақша аштым. Бір дұрыс бағыт болсын деп сапалы видео салуға тырысамын. Былтыр атқа мініп үйренсем, биыл мотоцикл, трактор айдап үйрендім. Малдарымыз ауырып қалса, өзіміз емдейміз. Асау, тентек мал болмаса, уколды өзім де еге аламын. Система салып үйренгім келеді малға. Күйеуім малдың тамырын дәл табады, өзі система салады. Күні бойы малдың қасында жүргесін, малдың ауырғанын көңіл-күйінен, жүрісінен байқаймыз. Интернетті ақтарып, ауруын асқындырмай емдеп аламыз.

Жазда көздеріне ақ түссе, оны жуып, тазалап отырамыз. Биыл қой қырқып та үйрендім. Маған ұрыспай, жекімей, жақсылап үйрету үшін өз анамды шақырдым. Мамам екеуміз 200 қойды 5 күнде қырқып бітірдік. Қойдың денесіне жарақат салмай, тап-таза етіп қырқып алдық. Келесі жылы, бұйыртса, өзім қырқамын деп отырмын. Қыста нанды сатып аламыз. Жаздыгүні сырттағы ошаққа пісіремін.

Басқа не айтайын, «қырда тұрып азып кетіпті, байғұс, керемет оқыған қыз еді ғой» деп сөйлейтіндер бар. Олардың сөзіне етім үйренген. Далада тұрсам да, өзімнен ештеңе аямаймын, қатты шаршап, құлайын деп тұрсам да бет күтіміне қатты мән беремін. Бетімді жумай, кремдерімді жақпай жатпаймын. Қырда тұрсам да қараймай, аппақ болып жарқырап, жайнап жүрген ұнайды. Бәрін айт та, бірін айт, бастысы, бүгініме шүкір деймін. Бұл да бір өмірдің өтуі керек кезеңі шығар. Білгенім, үйренгенім өзіме жақсы. Әрине, арманым қырда отырып мал бағу емес-тін. Бірақ адамның дегені емес, Алланың қалауы болады. Бұйыртса бұл жұмыстың да бір ыңғайын шығарып, қайта эфирге оралармын. Ол – уақыт еншісіндегі дүние.

Жазып алған 
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

2143 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы