- АҚ ЖЕЛКЕН
- 25 Наурыз, 2024
Ирак ЕЛЕКЕЕВ: Ұсынысы өтімді, ойы өткір депутат болды
– Жыр-жайлау жанымды арбаған,
жете алмай, жолда қарманам.
Иісі-ай деп жусан, жалбыздың
жүректегі армандарды үздім,
– жырақтай береді алдағы ән…
Қайсың бар ерер, ал маған?
Шатқалдарында жар-құздың,
ақпан жалында қар, мұздың
көлденең көзден қорғарсың,
Қыдыр ата боп қолдарсың –
жанымда жүрші, жалғызбын... – дейді Фариза ақын өзінің «Оқырманға» атты өлеңінде.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл. Фариза ақын – халқын поэзия мейіріне қандырған, ал халқы ықыласын аямаған бақытты ақын. Фариза ақынның оқырмандары көп. Далада шаң жұтып, темір тұлпарын тақымдаған диқан да, қалада қолы мүйізденіп қалам тартып, қағаз қаттаған қызметтегілер де ақынның отты жырларынан нәр алып, қуат табатын еді. Фариза Оңғарсынова халыққа алдымен журналист ретінде танылды. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін мектепте мұғалім, 1966 жылдан бастап облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді.
1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің батыс облыстардағы тілшісі болса, 1970-1978 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») республикалық пионер газетінің редакторы болып қызмет етті. 1978 жылдан 2000 жылға дейін «Пионер» (қазіргі біздің «Ақ желкен») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Сондай-ақ 1996 -2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің І және ІІ шақырылымдарының депутаты болып сайланып, ел үшін қызмет істеді. Бұл ел еңсесін тіктеп келе жатқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Халық қалаулыларына зор міндеттер жүктелді. Қос палаталы заң шығарушы орган әлеуметтік және ұлттық мүдделерді үйлестіре отырып, мемлекеттік мүдде, тәуелсіз еліміздің іргетасын нығайту жолында білек сыбана қызмет етті. Деректерге көз жүгіртсек, 1996 жылдың қаңтар айында жұмысын бастаған Парламент бірінші шақырылым депутаттары 497 заң қабылдаса, 1999-2004 жылдар аралығындағы екінші шақырылым 604 заңды айналымға енгізіпті. Бұл жерде де Фариза әуелі ақын еді. Фариза апамыздың заң шығарушы органдағы әріптестері ол кісінің қызметін құрметтеді, ақындығын кие тұтты. Бұл туралы біз Парламент қабырғасында Фариза ақынмен бірге жұмыс істеген танымал қоғам қайраткері Ирак Елекеевпен сұқбаттасып, кеңірек әңгімелестік.
– Ирак Қасымұлы, Фариза ақын Парламент депутаты ретінде қазақ тілінде «Ана мен баланы» қорғау туралы және «Бала құқығы» туралы екі заң жобасын дайындапты. Бұл заңдар қалай қабылданды? Өміршең болды ма?
– Фариза апай екінші шақырылымда да депутат болды. Сол кезде мен Мәжіліс аппаратының жетекшісі қызметін атқардым. Елімізде сол кездерде қазіргідей анаға байланысты, балаға байланысты үлкен мәселелер болып жатты. Сол тұста Фариза апамыз маған: «Ана мен баланы қорғау» және «Бала құқығы» туралы екі заңға үлкен мән беріп, соны жазсам ба деген ойым бар, бірақ заңгер емеспін ғой, маған заңгерлерден кімді ұсынасың?» – деген өтініш айтты. Мен Мәжілісте сол кезде заң шығару және құқық экспертизасы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істейтін Наркес Тілеуханды ұсындым. Наркес әріптесіміз қазір де Парламент қабырғасында Мәжілiс Аппараты заң шығару бөлімiнiң меңгерушісi болып қызмет етіп жатыр. Наркес – жазушының қызы. Фариза апамыздың шығармашылығын, отбасын, ата-анасын да жақсы біледі екен. Фариза апаймен тізе қосып жұмыс істеді. Заңдарды әзірлеуге заңгер ретінде өзінің көп үлесін қосты. Фариза апамыздың басқа елдердің заңдарын, осыған байланысты қабылданған қаулыларын да іздестіріп жүргені есімде. Бірде апамыздың: «Мен Қасым-Жомарт Кемелұлына бара жатырмын. Сыртқы істер министрі болды. Осындай нормативтік актілер басқа елдерде де бар ма екен, кеңесейін», – деп ақылдасып келгені есімде.
Кейін Әділет министрінің орынбасары болдым. Бір күні Фариза апамыз қоңырау шалды. «Заң қабылданды, бірақ әлі нәтижесі жоқ. Ирак, қарап берші маған, Үкімет тарапынан қандай шаралар істеліп жатыр екен?» – деді. Себебі, Парламент қабылдағаннан кейін заң Үкіметке кетеді. Соған байланысты Үкіметте түрлі қаулылар шығуға тиіс. «Бала құқығы» туралы Заңға байланысты жиырмадан астам Үкімет қаулысы шығуы керек. Соның ішіндегі ең күрделі мәселе – Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет, облыстарда департамент ашылуға тиіс. Бірақ Үкіметтің сол қаулысы қабылданбағандықтан, бұл мекемелер ашылған жоқ. Бұл мәселені зерттеп, зерделеп, апамызға жазып бергенім бар.
Сосын Фариза апамыз бұл мәселені тағы да көтерді. «Заң қабылданды. Басқа министрліктер әрекетсіз жатыр. Неге бұл заң әрі қарай жұмыс істемейді? Орындалуын неге Үкімет қадағаламайды?» деген өткір мәселе көтерді. Содан кейін Білім және ғылым министрлігі жанынан арнайы Балалардың құқығын қорғау комитеті, облыстарда департаменттер ашылды. Осы мемлекеттік ұйымдар тікелей Фариза апа әзірлеген заңға байланысты ашылған еді. Бұл әр адамның қолынан келе бермейді. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР № 345 Заңы 2002 жылы 8 тамызда қабылданып, қазіргі күнге дейін, өзгертулер мен толықтырулар арқылы халыққа қызмет етіп келе жатыр. Ал «Ана мен баланы қорғау туралы» заң жобасы өтпеді. Екі заң жобасын да Фариза апамыз қазақ тілінде жазды.
– «Ана мен баланы қорғау туралы» заң жобасы неге өтпеді?
– Қаржы министрлігі ол заңды жүзеге асыру үшін жылына 7,5 миллиард теңге бөлініп отыруы қажет деп есептеп шығарып, қаржының жетпейтінін алға тартты. Сол себепті бұл заң қабылданбады.
– Фариза апай әйел азаматтарды басшылыққа тарту мәселесін де көп көтерді. Ақын жалпы әйелдердің билікке араласуын құп көрді деген деректерге қанықпыз. Бұл бағытта нәтижеге қаншалықты қол жеткізе алды?
– Иә, дұрыс айтасыз, Фариза апамыз әйел азаматтарды басшылыққа тарту мәселесін көп көтерді. Бұрын кеңес заманында партия болды. Сол партияның идеология саласында көбіне әйел адамдар болды. Кейін атқарушы орган әкім, әкімнің орынбасарлары, барлығында әйел азаматтардың болмағанына апамыз қатты ренжіп жүрді. Есімде бір күні Мәжіліске Нұрсұлтан Назарбаев келді. Сол кезде Фариза апамыз сөйледі. «Нұреке, бұрындары әйел азаматтар басшылық қызметте болатын еді, әкім орынбасары болатын еді. Қазір осы қай облысқа барсаң да, әкім қызметінде тек жігіттер жүр. Қыздарды көрмейміз. Осы мәселені неге дұрыстап қарамайсыз?» деп өтінішін батыра айтқаны бар. Тағы бір байқағаным, Фариза апай аймақтарға барғанда міндетті түрде облыстағы беделді әйел азаматтардың бәрін қасына шақырып алады. Апамызға депутат, халық алдында абыройы биік тұлға ретінде кісілер келіп мұң-мұқтажын айтып жататын. Әйелдерді басшылық қызметтерге тарту туралы талай мінберлерде айтып, соның ықпалымен Шәмшә Беркімбаева Білім және ғылым министрі болды. Бірғаным Әйтімова Премьерминистрдің орынбасары болды. Бірнеше жылдан соң Әділет министрі болып Зағипа Балиева тағайындалды. Аймақтарда облыс әкімінің орынбасарлары, басшылары, білім саласында, басқа да салаларда басшылыққа тағайындала бастады. Көп жерлерде Фариза апамыздың ықпалы болды. Ақын, әнші, композитор қызымыз Елена Әбдіхалықова сияқты өнерде жүрген қыздарымыз апамыздың жанында жүріп, ғибратты сөздерін тыңдады. Өнегесін көрді. Фариза апамыз талай адамдарға қамқор болды, қолынан келгенінше көмектесті.
– Парламент – ел тағдырына қатысты шешуші рөл атқаратын құрылым. Фариза ақын ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде айналасындағыларға анағұрлым ықпалды болып, ел тағдыры таразыға түскен шақта өткір шешімдер қабылдаған депутат болды ма?
– Парламент Мәжілісіне Атырау облысынан Фариза Оңғарсынова екеуміз сайландық. Сол кезде Атырау облысының бюджеті 4 млрд теңге болды. Ол кездегі математикалық анализ бойынша облыс бюджеті адам басына байланысты бөлінетін еді. Неғұрлым адам көп болса, соғұрлым сол облысқа бюджет қаржысы көбірек беріледі. Біз Фариза апай екеуміз Мәжілісте Атырау облысына бөлінетін бюджет қаржысының мардымсыз екенін айтып, мәселе көтердік. Парламентте мәселені алға тартамыз, депутаттар мұнайлы өлкенің жағдайы жақсы ғой деп бізді құптай қоймайды. Бір күні Фариза апай екеуміз облыс әкімі Равиль Шырдабаевқа отызға жуық депутатты аймаққа арнайы шақыру туралы ұсыныс айттық. «Депутаттар Атырау қаласын, облысын араласын. Халықтың жағдайын көзбен көрсін» деп өтініш жасадық. Аймақ басшысы сөзге келместен келісіп, депутаттарды арнайы шақыртты. Делегация құрамында сол кездегі Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Нұрлан Балғымбаев та болды. Күз мезгілі ме екен, нақты есімде жоқ, көшеде асфальт жоқ, жер батпақ. Езілген ми балшықпен жүру мүмкін емес. Әкімдік ғимаратының алдына аяқ киімнің батпағын жуу үшін басына шүберек оралған таяқ қойылған. Депутаттар мұны көріп қатты таңырқады. «Атырауда жағдай қиын екен» деген әңгіме сол жерде басталды. Одан әрі әкімдіктің 7-қабатына көтерілген депутаттар төмендегі төбесіне шөп өсіп тұрған жатаған үйлерді көрді. «Біз Атырау облысының жағдайы тура осындай халде деп ойламаппыз» деп таңғалды. Атырау халқының қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын әріптестеріміз осылайша көзбен көргеннен кейін мәселені шешуге мүмкіндік туды. Осы сапардан кейін көп ұзамай Н.Балғымбаев Үкімет басшысы болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған Ораз Жандосовқа Үкімет басшысы тапсырма берді. Жағдайы төмен облыстарға, оның ішінде мұнайлы өлкелер – Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарына бюджетті бөлу туралы арнайы заң қабылдаттық. Келесі жылы Атырау облысының бюджеті 4 млрд-тан 28 млрд теңгеге, онан кейінгі жылы 45 млрд теңгеге дейін көбейді. Атырау облысын дамытуға қосқан Фариза апай екеуміздің бір үлесіміз осы болды. Себебі, бұрынғыдай адам санына байланысты емес, түсетін салыққа байланысты әр облыстың өз үлесі болуы керек дегенді дәлелдеп, заңмен бекіту жолында тынбай еңбек еттік. О.Жандосов осы заңды жазуға көмектесті. Бірақ екі жылдан соң бұл заң күшін жойып, Ұлттық қор құрылды. Ұлттық қорды құруға осы бастаманың әсері болды. Осының барлығы – Фариза апамыздың қосқан үлесі. Фариза апамызбен депутат кезімізде аймақтарды көп араладық. Сонда өзіне көмек сұрап келген көп балалы аналарға, басқа да мұң-мұқтажын айтып келген жандарға қолынан келгенінше қолдау жасады. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысына барғанда өзіне берілген пәтерді үйсіз қалған көп балалы анаға бергеніне куә болдым. Жүрегі елім деп соққан нағыз мемлекетшіл тұлға еді Фариза апамыз.
– Қайраткер депутат апайдың ақын екенін де ұмытпаған боларсыз сол сәттерде?
– Әрине, оны ұдайы жадымызда ұстадық қой... Асау өзендей адуынды, алмастай өткір ол кісінің жырлары секілді, ұсыныстары да өтімді болатын. Фариза апайды әуелде ақын ретінде таныдық, кейін қайраткер ретінде мойындадық...
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024
1193 рет
көрсетілді0
пікір