• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Наурыз, 2024

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Менің Фаризам

Мен үшін ол әлі тірі жүрген сияқты. Әне, Астанада бүгін бір кездесуге барады, кеште теледидарға шығады, ертең Атырауға ұшады... Бірақ олай болмайды, енді оның өлеңдерімен ғана жүздесе аламын мен. Бәрі күні кешегідей есімде. Қашан, қалай танысып едік? Иә, 1967 жыл. Мен «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби қызметкерлікке келдім. Қарақалпақтан келген жас ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңіне бүкіл әдеби орта жалт қараған кез еді. Жас ақынның «Мен саған ғашық едім» деген циклін оқып бола бере, гурьевтік ақын қыз Фариза Оңғарсынова бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінде «Мен саған ғашық емес ем» деген өлеңдер циклімен дүр сілкіндірді. Айбергенов өлеңінің екпіні аңқып тұр. Сол кезгі газеттің Гурьевтегі тілшісі Фаризаға арнау өлең жаздым да, кешікпей сол газетке бердім.

«Тыныштық іздеп желден,

Теңізден дауыл тостың.

Жұрт нәзік қыз дегенмен,

Жүгіміз ауыр, достым!» деп аяқталатын өлеңім шықты. Көп кешікпей Фаризадан хат келді. «Алматыда ақындар ортасында жүрген сен өте бақыттысың» деген мазмұнда. Ол сонау Үстірт кезіп, құм дала мұнайшылары жайлы мақалаларды жиі жазатын. Ол жылдар мен үшін сынақ жылдары болды. Қыздар институтын қызыл дипломға бітірдім, тұңғыш жинағым – «Өрімтал» шықты. Он мың данамен тараған өлеңдерім мені талай жерге танытып тастады. Бірақ Алматыдан жұмыс табылмады, басты себеп – тұрар мекенім жоқ (прописка жоқ). Кей қыздар Алматыда қалу үшін әкесіндей шалға тиіпті дегенді естігенде денем тітіркене жиіркенемін. Оралыма келдім, қазағы жоқ қалада жалғыз газет бар, аздап әдеби қызметкер болып, қайта Алматыға кеттім. Тағы да жұмыссыздық, пәтерсіздік қинады. Сол кезде Талдықорғанда «Октябрь туы» газетінің редакторы Жұрғали Ертілесов ағамен Алматыда кездесіп қалдым. Жағдайымды білген аға: «Менің төрт қызым бар, бесінші боласың, қиналсаң газетке кел», – деп кетті. Амал жоқ, сонда жұмысқа бардым. Пәтер де табылды, бір кезде Оралдан кеткен соғыс ардагерінің татар әйелі «Қазақстан әйелдері» журналынан оқыған ақын қызым деп құшағын жайды, сол үйде тұрдым. Ол жылдары да Фаризамен үзбей хат жазысып жүрдік. Ол маған үлкен демеу, сүйеніш болды. Ол да әдеби орта деп Алматыға асықты. Маған да Алматыға қайтуға кеңес берген Фариза, ол хаттардың біразы жоғалды.

* * *

Фариза жаңа жазған өлеңдерін де кейде хатпен жолдайтын еді. Оның жігерлі, отты, ішкі тегеуріні мықты жыр жолдарын оқып, өзімді өмірмен күреске үйреттім. Егер сол үйсіз, жұмыссыз жылдарда сынып кетсем не болар едім? Сүйенер панам жоқ, сезімтал жүрек қана, сұқтанған көздерден киікше үркіп, өзіңді өзің қорғау үшін арпалысып жүрген жұмыссыз, ақшасыз, жастық шақтың сол келеңсіз кезеңінде Фариза екеуміздің хат жазып сырласуымыз маған үлкен көмек болғаны рас. Одан кейінгі бірге өткен жылдардың бар шындығын осылай қалдыруды жөн санадым. Жазу стиліміз екі басқа болғанмен, жүректің мұңы ұқсас еді. Мені әкем ер балаша еркелетсе, Фаризаның әкесі де оншақты баласы өліп, тірі қалған екі-үшеуін еркін өсірген екен, амал не, өз ғұмыры да қысқа болған. Бірақ Фариза өзінің ақындық тағдырын өзінше берді.

– Құдай сәуле бергенмен санасына,

Еркектерден көп төмен бағасы да

Құлдықта келе жатыр баяғыдан

Әйелдің ақыны да, данасы да, – деген жолдарды ол кезде «Совет әйелі тең праволы» деген цензура жариялауға құлқы болған емес.

Каспий құмында туған Фаризаға мәңгі мекен Ақмола даласынан бұйырды. Басына барып, Құран бағыштау маған қиын бұл күнде. Арқаның қыста бораны Астанаға барғанмен жолымды бөгейді. Бармауым жек көргенім емес, тірісінде күнде бірге жүрмегенім, ұнатпағаным емес екенін оның рухы сезеді, тірісінде де түсінген болатын. «Әншейін бірге жүргенмен, өтірік сыйлап, күлгеннен, жалғыздық жақсы» деген өз ұғымы болатын. Фариза – шыншыл адам, шыншыл ақын. Жұрт сол мінезінен тайсалатын, сол үшін жақсы көретін оны.

* * *

Екі жылдан кейін газеттің редакторы Шерхан Мұртаза Фаризаны Алматыға шақыртты. «Гурьевтен мықты ақын қыз шықты» деп әдеби орта шу ете қалды, оқырман да ол кезде өте сергек болатын. Сонымен, Алматыға Маңғыстау күніне күйген, Каспийдің құмды жағалауының ыстығын табанынан жүрегіне дейін өткізген, аптап пен аңызақты жасынан көп көрген менің ақын Фаризам келді. Ең алғаш құшақ жайған әулие ақын Әбу Сәрсенбаев атамыз еді. «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы Ләзиза Серғазина апай екеуі бүкіл әдебиетке келген жастарға үлкен қамқорлық көрсеткен жандар еді. (Әбу аға мен Ләзиза апай жазушы Сайын Мұратбековті, ақын Қанипа Бұғыбаеваны өз балаларындай үйіне тұрғызып, қамқорлық көрсеткен).

Бір күні Одаққа келген Әбу аға маған: «Гурьевтен замандасың Фариза келіп жатыр, ертең біздің үйден Ләзиза апаңның шайын ішуге келіңдер», – деді. Біз Әбу ағаның үйінен шығып, бұрынғы партия мектебінің жатақханасы, қазіргі КИМЭП орналасқан ғимараттағы Фариза тоқтаған бір бөлмеге бірге келдік. Ұзақ сөйлестік. Ол Алматының қала өмірін, мен елдегі дала өмірін айтып біраз сыр шерттік. Өмір әлі көп сызат түсірмеген, күн сүйген даланың жарқын, қарапайым қызы маған жымия жылы қарады, қалтқысыз ашық сырласып кете бардық. Менің «Өрімтал» жинағыма қатты риза екенін айтты. Мөлдір кезде жазылған балғын жырлар ғой, мен де қалтқысыз сендім. Осы күннен бастап біз екеуміз кездесулерге де, қонаққа да бірге баратын болдық. Әбу Сәрсенбаев «қос қозым» деп құшақ жайып тұратын. Бізді Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле де бірге шақыртып, Клараның шайын ішкізетін еді. Фаризаның Маңғыстау жайлы әңгімелерін сағынып отыратын. Өзіне таныс жер аттарын қайта еске алудың өзі ол кісіге бір бақыт сияқты еді.

Осы жылдар Меңдекеш Сатыбалдиевтің Рузиясы, Қабиболла Сыдиықовтың Күлшаты жиі шақырып, сыйлас жеңешемізге айналған еді. Фаризаның «Гүл-Рузияға» деген өлеңі де сол кезде жазылды. «Қазақстан пионері» деп аталатын балалар газетінің редакторы Фариза Оңғарсынова осылай Алматы әдебиетшілерінің ортасына еркін еніп кетті. Тура сөйлеу жағынан батылдығы мол, өзіндік мінезі бар ақын қыз ағаларына да, оқырмандарға да еркелеп жүріп, Фариза ақын болып қалыптасты. Қаламдас ағаларымыз қатты еркелетті. Шерхан Мұртаза ақыл-кеңес беріп, Әбіш Кекілбаев әр мақаласына пікір айтып, Меңдекеш өлең жайлы сыр шертіп, Қабиболла шешендік әлемінен әңгіме айтса, Тахауи Ахтанов «юбка киген Махамбет» деп арқасынан қақты.

Астында 108 нөмірлі қара «Волга», қазіргі Достық, бұрынғы Ленин даңғылы бойынан екі бөлмелі пәтер алып, Қазақстан комсомол комитетінің органы – «Қазақстан пионері» газетінің редакторы Фариза Алматыдағы жазушылар атаулы шулы ортаға Фәкең болып енді. Мен Фаризаны қатты сыйладым. Тез ренжіп, тез жараланып қалатын нәзік жанын ұқтым, аядым, құрақ ұшып көңілін бақтым. Ал ақындық қуатына қайран қалып, қошеметтеп отырдым. Оның бірден классикалық жыр жазғанын өзіне айтып, «Туған жер» өлеңін жатқа оқысам, балаша мәз болатын еді. Менің көп ақындар жырларынан талай таныс шумақтарды жатқа білетініме таңғалатын.

Фаризаның туған жері Нарын құмының Астраханға қарай созылатын етегіндегі шағылда. Сол ыстық леп оның жырына көшкенін аңғару қиын емес.

– Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

Сенде жанды тербейтін дастан бар-ау,

Менің мына өмірге ғашықтығым

Сені жақсы көруден басталған-ау.

Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін

Мен ешқандай кітаптан оқымадым, – деп сайрай бастасам, кейде ашуы тарқап, күлімдеп, балаша қуанар еді. Оның қуанатын сәттері сирек болатын. Томсырайып, ойға бататын да жүретін еді.

Дайындаған Б.МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024

1326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы