• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Наурыз, 2024

Оңайгүл ТҰРЖАН: Адами болмысына анықтауыш қажет емес

Фариза Оңғарсынованың поэзиясы жарқын әрі мейірімділікке толы. Ол әйелдер тақырыбын қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлады. Ақынның шығармашылығынан, кез келген туындысынан шындықты ту ететін қасиеті айқын көрініп тұрады. Осы орайда, ақын апамыздың шығармашылығы және өлеңдерінің көркемдік жаңалығы туралы танымал ақын Оңайгүл Тұржаннан сұрауды жөн көрдік.

ФАРИЗА – МАХАББ АТТЫ ЖЫРЛАУДА РЕВОЛЮЦИЯ ЖАСАҒАН АҚЫН

Фариза Оңғарсынова қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелді. Ол ақындыққа оттай лаулап келді, оқырманын оттай баурап дүниеден өтті. Фариза Оңғарсынова – махаббат жырларында революция жасаған ақын. 18 ғасырда өмір сүрген орыс ақыны Гавриил Державиннің «Ақындар өзінің туған жеріне ұқсап тұрады» деген тұжырымы бар екен. Дәл осы ойды ХХ ғасырдың орта тұсына дейін өмір сүрген австралиялық асқан талант иесі Стефан Цвейг «Табиғат қай жерде адамдарға жайлы болса, сол жерде идиллиялық поэзия өмірге келеді» деп нақтылай түсіпті. Бұл ғұламалар сызған формулаға салсақ, Фариза поэзиясының жалпы сипаты өзінің туған жерінің табиғаты мен өткен тарихының сипаттамасынан аумай қалған. Қай зерттеуші болса да, қай ақынды, қай жазушыны, қай батыр мен бағланды зерттеуге кірісерде ең алдымен осы тұрғыдан қарастыруы керек. Біз фаризатану ғылымына да осы қиырдан келгенде ғана оның кім екендігіне сәл де болса жақындай аламыз деп ойлаймын.

Фариза ақын поэзиясы да өзінің туған жерінің табиғатымен мінездес, тектес, өрістес. Оның махаббатты нәзік, мұңайған, әлсіз, жарымжан, түртіп қалсаң, еңіреп қоя берейін деп тұрған жылауық ұғым шекарасынан асқақ та өр сезім деңгейіне алып шыққаны ұлы өзгеріс еді. Ал қандай революция болса да, қашан да қарсылыққа тап болып отыратынын тағы білеміз.

– Жаным-ай, өзің бе бұл? Бармын ба мен?

Қанша күн бұл сәт жайлы өртеді үміт.

Кеудемді жанағанда балғын денең,

дүние кетті-ау деймін төңкеріліп, – деген өлеңді газет бетінен оқыған кезде, 70-жылдардың сыншылары шошып кетті. Тек мұның ғажап поэзия екендігін алғаш мойындаған бір адам болды. Ол қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаев еді. «Адамның шартты түрдегі ережелерге, канондарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезімін ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған – осы Фариза» деді ол. Әбділда ақын Фаризаның жастық алауына, мінезді жырларына тамсанды. Фариза ақынның бұл жырлары оқырманның алдында қолдан-қолға тимей кетті. Өйткені Фариза ақын жырларында тек өзінің ғана емес, басқалардың да жан дүние құпиясын ашып жіберген еді. Оның ішіндегі аласапыран және сол аласапыранның ақын жырларында ерекше тәртіппен түзіле қалғаны сыншыларға тым ашық кеткендік болып көрінді. Айтуға болмайтынды айтып қалғаны басты мәселе болды. Бірақ ақын ондай сезімді айтуға болмайтынын қайдан білсін. Өйткені ол – поэзия еді. Ал өлең – ақынның құзыретінен тыс дүние. Өлең ешқашан ақынға бағынышты болған емес, бағынышты болса, ол құдіретті жыр болудан қалады. Әбділда классиктің қолдауына ие болу Фаризаның тасқынды жырына жаңа күш әпергендей болды. Махаббат дегенің, Оңғарсынова поэзиясының көзімен қарағанда, батылдық, патриоттық, адалдық және ішкі әлемдегі шексіздік географиясындай.

Керек емес мекерлік, айла маған:

сүйем сені сескенбей айналадан.

...Біреулер бар сескеніп аяқ басса,

біреу көріп тұр ма деп тайғанаған.

Жалтақтамай солардың барлығына,

Тірлігіңді бір өзім жайлап алам.

Ақ сезімді алдыңа селдетемін,

Тек сен шыдар ма екенсің... қайдам, оған...

Абай ғұлама жұмбақтай айтқан «көзбен көр де, ішпен біл» тұжырымындағы «ішпен білу» категориясының қай траекториялардан өтетіндігі Фариза өлеңдерінде «менмұндалап» тұрды.

ФАРИЗА – ПСИХОЛОГ АҚЫН

Фариза ақын поэзияны дамытудың жаңа идеясын көрсеткендігімен ерекшеленеді. Әрине, ол оны дамытайын деп арнайы жоспар құрмағаны анық. Поэзия жоспарға көне ме екен! Бірақ поэзияның осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолдары Фаризаға жеткен кезде жаңа деңгейде жарыққа шықты.

– Әкел сен құздың сирек гүлін, мейлің,

мен саған табынған боп жүгінбеймін.

...Телефон шырылдаса, сен екен деп

жеткенше жаным шығып жүгірмеймін, – дейді. «Шын мәнісінде, ол жүгірді. Жүгірмеуі мүмкін емес» деп пайымдаймыз біз оқырман шай ішіп отырып. «Бірақ Фариза жүгірмедім деп оны керісінше жазды» деп қоямыз тағы да іштей. Телефон шыр еткенде өзі сол орнында тұрып қалған шығар, бірақ оның ішкі әлемі түгел солай қарай жүгіріп кетті. Біз, оқырман, тіпті осылай деп те дауласамыз, дауласқанбыз да. Қалай даулассақ олай дауласайық, бірақ түптеп келгенде, бұл жолдар тіпті де телефон туралы емес, телефон шырылына жүгіргені туралы да емес. Бұл – адамның өткір сезім құшағындағы психологиясы туралы жолдар. Адамның осындай сәттерде өзін-өзі қалай ұстайтындығы туралы шағын ереже. Фариза – психолог ақын. Оның жырлары – шым-шытырық шиеленіске құрылған драма.

Мазақтайды тағдырдың түні, желі,

көкірегім ызадан тілінеді.

Шыр еткендей қоңырау – сонда есікке

жүрегім жүгіреді.

Бірақ. Ешкім жоқ. Есікті ешкім қаққан да жоқ. Бірақ оған есік қағылып, Ол келіп, бар сағынышын оған ақтарып отырғандай ғажап бір сәтті ойша бастан кешіреді ақын.

«КӨП ЕМЕСТЕРДІ» КЕЙІПКЕР ЕТКЕН

Оның кейіпкерлері де анау-мынау осал өлеңге тұлғасы сыя қоймайтындай, асау ағысқа ұқсаған тұлғалар: Әлия, Мәншүк, ақын Сара, тракторшы Кәмшат және тағы да басқа мына өмірдің ауыр сынағында ерлік көрсеткендер. Өйткені олар Фаризаның өзімен рухтас еді. «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» атты жырда Әлия мен Мәншүк:

– Осылай біткен демім,

өмірден түк көрмедім,

еркелету, мейірім нұры бізге

ақ құшағын ашпады тірімізде,

Еске алғанмен өлімді өңінде әркім,

тірілерге қадірсіз өмір, бәлкім.

Азап, мұңың түк емес, мұны біл сен – туған жерде нық басып тірі жүрсең! – деп сөйлейді Шығыстың қос жұлдызы Фаризаның тілінде. Ақынның тағы бір кейіпкері – Социалистік Еңбек Ері, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева.

Сіңіріп туған жердің нәр асылын,

ән-жырын, намысы мен нала, сырын,

көтеріп бара жатыр Кәмшаттары

тағдырын, тауқыметін Даласының!

Кәмшатты неге кейіпкер етіп алғаны да түсінікті. Егін даласында ерлермен бірге еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдыз» тағып, даңқы асқандар көп емес. Әдетте Фариза ақын осындай «көп еместерді» кейіпкер етіп алады. Алайын демейді, оның сол «көп еместермен» рухы бір болып шығып жатады. Ақынның өзі де сол «көп еместің» бірі еді ғой.

Ақынға өзімізше баға берерміз, бірақ біз оны дәл сипаттап айта алуға да қиналамыз. Мен Фариза ақынның қасында 20 жылдан астам уақыт қатар жүрсем де, күнделікті тіршілігінде де бірге болсам да, оның шығармашылық және адами тұлғасына қандай да бір анықтауыш беріп айтудың аса күрделілігіне тап болдым. Өзі қандай болса, өлеңі де сондай деуге келмейді. Өзі бір басқа, өлеңі бір басқа деуге тағы келмейді. Күрделілік, жұмбақтық деген осы! Заманымыздың ғұламасы Әбіш Кекілбаев айтқандай: «Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары».

Жазып алған Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024

1222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы