• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Наурыз, 2024

Қадыр ЖҮСІП: Үнемі ой үстінде жүретін...

«Ақын өлді демеңдер, кетті деңдер...» деп келетін ақын Жанна Елеусіздің өлеңінің бір жолы есімде қалыпты. Шынында, мұны барша ақынға арнасақ та болатындай. Фариза Оңғарсынова туралы мақала жазарда ол жайлы жазылған мақалалар мен естеліктерді оқып шықтық. Солардың ішінде оның жастық шағы, студент кезі туралы ақынның бірге оқыған топтасы Қадыр Жүсіптің естелігі ерекше екен. Оның Фаризаға арнап жазған «Фариза» естелік-эссе кітабы бар. Ақынның студент шағы қандай болғаны оқырманға да қызық деп ойлаймыз. Содан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіпке хабарластық. Қадыр ата бір сәт өткен күндерге ойша сапар шегіп, бәрін күні кеше болғандай етіп «Ақ желкенге» студент Фаризаның қандай болғанын айтып берді.

Фаризамен Атыраудың, бір кездегі Гурьевтің педагогикалық институтында бес жыл бірге оқыдым. «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «орыс тілі мен әдебиеті» деген екі бөлім болды. Фаризамен қатар бір партада отыратын едік. Екі топқа бөлінген отыз жеті студент болдық. Солардың ішінде Фаризаның орны ерекше еді. Өте салмақты қыз еді. Оның бір керемет қасиеті – көп сөйлемейтін. Үнемі ой үстінде жүретін. Адамға еш уақытта самарқау, енжар қарамай, сөйлескен әрбір жанға ерекше мән бере, зерттей қарайтын. Жігіттер де, қыздар да Фаризаның алдында сөздерін жинақы ұстауға тырысып, салдыр-салақ сөйлемеуге тырысатын. Ол жеңіл-желпі айтылған пікірлерді, жеңілжелпі мінезді жақтырмайтын. Ойлы да сезімтал ақын қызбен әр сөзімізді сақ қолдануға тырысатынбыз. Фаризаның қатал қарауының өзі талай мағыналы еді. Бір қарағанының өзінде мысқыл күлкі де, сын да, «сен осы кімсің?» деген күдікті ой да, тіпті тәртіпке шақырған ішкі үн де байқалатын. Аудиторияға қатар келіп қалғанда әр уақыт Фаризаға жол беретінбіз. Өйткені, Фаризаның мінезі әуелден сондай ерекше еді. Қатар жүргенде бірінші сөзді Фаризаға беретінбіз. Әртүрлі ісшара болғанда «Фариза не дейді екен, Фаризамен ақылдасайық» деп жүгінетін едік.

Оның қолынан ешқашан кітап түсіп көрген емес. Батыс Еуропа, Америка, орыс және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқитын. Біз көп оқуға тиіс болдық. Шетел, орыс, қазақ әдебиеті пәндерінің бағдарламалық материалдарын оқу тапсырылып, қатаң талап етілетін. Көбіміздің мойнымыз жар бермей жүргенде, Фариза көркем шығармалардың бәрін оқып алатын және дәріс кезінде оқытушының қойған сұрақтарына мүдірмей жауап беретін. Мінеки, Фариза осындай алғыр студент болды.

Ал оның түр-тұлғасы, сырт келбетіне келер болсақ, орта бойлы, қысқа шашты, шашын әдемі тараған, адамға жеңіл қарамайтын, жанары ақылға тұнып тұрған сұлу, үнемі ой үстінде жүретін қараторы қыз болатын. Бәрі Фаризаны жақсы көрді. Оның басқа студенттерден ерекшелігі – біз одан ығысатын едік. Оның бір жағына қарай тарап өрген, маңдай тұсы биік толқынды қара шашы парасатты келбетіне сән беріп тұратын. Күлгенін өте сирек көретінбіз. Ұстаз сұрақтарына үнемі асықпай жауап беретін. Мұғалім жай сөйлесе де, дәл жауап беріп тұрған шәкіртін еш уақыт асықтырмайтын.

Фариза мектепте жүрген кезінен-ақ өлең жаза бастаған екен. Студент шағында ол қабілетін одан ары дамытты, ары қарай жалғастырды. Біз «Жас қанат» үйірмесіне қатыстық. Үйірме жетекшісі Ермек Өтебаев деген профессор ағамыз болды. Өлең жазатын, әңгіме жазатын, мақала жазатын оншақты адам жазған-сызғанымызды ортаға салатынбыз. Өлеңдерімізді талдап, бірбіріміздің кемшіліктерімізді көрсетіп, жетістіктерімізге мәз болатынбыз. Фаризаның талай өлеңін оқып, шеберлігіне тәнті болдық. Сол кезде оқытушымыз әлгі шығарманың бәрін оқып, өзінің пікірін айтатын. Өлеңдердің кемшіліктерін көрсететін. Оны түзетуге ақылкеңес беретін.

Фаризаның қойын дәптері болды. Онысын ешкімге көрсетпейтін. Ақын қыз көзге түсуге әуес емес еді. Біз бір өлең жазсақ, халық талқысына салуға асығып, таныстырғымыз келіп тұратын. Ал Фариза үнемі үндемей қалатын. «Өлең жазғаным жоқ, ештеңе ойыма оралмайды. Ештеңе жаза алмадым» деп жетекші алдында себеп айтып тұратын. Кейде мерекелер қарсаңында, әсіресе, октябрь, комсомол мерекесіне қарай біреулер «арнау өлең жазасыз ба?» деп сұраса, Фариза: «Сіздерге мені өлең жазады деп кім айтты? Қойыңыздаршы, мен өлең жаза алмаймын. Ешқандай өлеңім жоқ», – деп жауап беретін. Бір қызығы, сол қойын дәптері өлеңге толы болатын. Жалпы, Фариза аз жазатын, бірақ саз жазатын. Өлеңді ой-толғаныспен пісіріп барып тудыратын. Институт қабырғасында жүргенімізде «Студенттер творчествосы» деген айдармен немесе айына бір рет ұйымдастырып шығатын облыстық газеттің «Әдебиет бетінде» көбіне біздің үйірме мүшелерінің әңгімелері мен өлеңдері жарияланатын. Әрине, олардың ең басында Фаризаның өлеңдері тұратын. Сөйтіп, ол институтта оқып жүргенде-ақ болашақ үлкен қаламгер болып шыңдалып келе жатқанын байқатқан. Сол бір жалын шақтарды еске алсам, кішіпейіл, үндемейтін, әр нәрсеге ой тоқтата қарайтын, асығыс сөйлемейтін, ақылды жанарымен қадала да ойлана қарайтын қараторы қыз көз алдыма келеді.

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024

1172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы