• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Сәуір, 2024

Ойлы бала

Ұлы қазақ Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Кейде халықтың тарихында осындай тұлғалар болғанына өзіңнен-өзің марқаясың. Оңашада тіпті таңданып бас шайқайсың. Тағдырдың сан тарау соқпағында жүрсе де, бар ғұмырын осынша ізгілікке, білімге, есею мен өсуге жанкештілікпен арнаған адамдар болатынына сүйсінесің. Шын мәнінде, мемлекет, ұлт, халық осындай тұлғаларымен нар, осындай перзенттерімен биік.

Қаныш Имантайұлы туралы жақсы кітаптар жазылды, жақсы естеліктер айтылды, ғылыми мақалалар қаншама. Оның бәрінен үзінді келтіре берудің реті жоқ. Біз туғанына 125 жыл толған ардақты жанның өмірбаянына үңіле отырып, Қаныштың бала жастан «болар бала» болғанын байқаймыз. Әттең, қазіргі қоғамда оқу, білім жинау культі жоққа тән. Шіркін, бүкіл қазақ даласы оқуға құнығып, бірінен- бірі асып білуге талпынып жатса-шы... Тоғышарлықпен мақтанбай, тойғанына мастанбай, білмейтініне намыстанып, білетіннен үйреніп, кешегі күннің емес, бүгіннің білімді қаһармандарын тәрбиелеп шығаруға тырысып жатса-шы...

Осы тұрғыдан келгенде бала Қаныштың өмірі бәрімізге үлгі бола алады! Не деген білімге құштарлық! Не деген білмекке ынтызарлық! Не деген тәуекелшілдік! Бала Қаныштың тумысы бөлек болды. Әкесі Имантай перзенттерін кеш сүйді. Қаныш дүниеге келгенде Имантайдың жасы 54-те еді. Асқан шежіреші, сері, аңшы, арабша, парсыша, орысша хат таныған зерделі әке Имантай тіпті Қаныштың (шын аты Ғабдул-Ғани) дүниеге келген күнін өзі қастерлеп ұстаған Құран кітабының қалың мұқабасына: «Доңыз жылында, жаңа есеппен 1899 жылы наурыз айында, яки марттың 31 жұлдызында Жаппар жаратушы Имантай деген құлына ұл берді. Нәрестенің есімін Ғабул-Ғани қойдық», – деп араб әрпімен жазыпты. Басқа басқа, қазір де осынша ұсынықты, ұқыпты әке кемде-кем. Демек, Қаныштың бойына білімқұмарлық, ұқыптылық әке, ата, баба қанымен тараған ғой.

Құрдастары, тұрғыластары айтқан естеліктерде бала Қаныштың зерек, ойлы және саяқтау болғаны айтылады. Мұқыш Шәдетовтің естелігіне ден қояйық: «Жайлауға шыққанда сиырдың өлі жүнінен доп жасап, қақпақыл ойнайтынбыз. Ал бұдан жалықсақ, әлдеқандай бір тақырды меншіктеп алып, асық соғамыз. Қаныш та бізден қалмайды, бірақ ойнап жарытпайды. Өзен табанынан ақ тас іздеп, көбіне өз бетімен жүреді». 

Мұндағы «өз бетімен» деген сөздің түп мәні ерекше. Иә, азды-кем естелікке бола «Қаныш сол кезден-ақ жер қойнауында не жатқанына қызыққан» деп жорамал жасай беруге болатын еді. Және ол өтірік болуы да ғажап емес. Бізге бала Қаныштың өз бетімен ойланып жүретіні қымбат! Ал ой арманды да, қиялды да оятады. Ойсыздықпен ғұмыр кешіп жатқандар қаншама! Имантай балаларын дүмше молдаларға емес, медресе бітірген жас шәкірттерге оқытты. Кенже ұл Қаныш Жұмаш Жолдыбайұлы есімді білімпаз молда алдында екі жыл отырып, зеректігін бірден байқатты. «Қанкенің оқуға зеректігі сонда-ақ мәлім болған. Ол біз сияқты ескі оқуды әлденеше қыс мыжыған жоқ, сөзді де ежіктемей бірден оқып кетті. Мұхтасар мен биданды тез меңгерді. Сол себепті, би атам оны молда алдында көп ұстаған жоқ» деп еске алады Тәрмізи Әбсаламұлы. Молда оқуымен ғана шектеліп қалмай, көкірегі қазына Имантай би кішкентай Қанышқа көне шағатай тілінде жазылған кітаптарды көп оқытқан. Руми, Сағди, Хафиз, Жәми, Науаи сияқты ғұламалар есімімен талапты бала әке талабы арқылы танысқан-ды. Имантай баласы мүдірген жерде өзі жалғап әкетіп, «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Гүлстан», т.б. дастандарды жатқа айтып отырады екен. Мұның барлығы болашақ ғалымның жадын күшейтіп, ең бастысы, бүкіл өміріне азық болды.

1903 жылы Шорман ауылында қазақ балаларын орысша оқытатын мектеп ашылды. Қаныш 10 жасында (1909 жылы) осы мектептің табалдырығын аттады. Мұнда шыққан тегі татар Григорий Терентьев деген, Қазандағы мұғалімдер семинариясын бітірген мұғалім сабақ берді. Жұрт осы мектепті «Ағаш үйдегі мектеп» деп атапты. Ересек шәкірттер арасында Қаныш бұғып қалған жоқ, қайта күн сайын зейіні ашыла түсті. Көшмұхамбет Айтқожин есімді замандасы айтқан естелікте: «Қаныш бізден көп кіші болғанмен, әлей зерек, алға шығып кеткен бәйге атындай дараланып, алдағы кластардың оқуын біліп отырады. Оның бойында малға қарау, оны жайлап, ауыл-аймақтың өзге қызығына түсу деген мінез болмайды ешқашанда. Дүниенің қақ-соғымен жұмысы жоқ, есіл-дерті оқу жолында болып, соған ғашық кісідей еліккен соң қоя ма, шіркінің добалдай бізді тастап, қаланың оқуына кетіп қалды!» – деп келтіреді.

Бұдан кейін Қаныш Кереку қаласындағы қазақ шаруалары мен мұжықтардың балалары оқитын училищеге түсті. Бұл оқу орнына ол Ақкелін болысының пансионатқа жіберген шәкірті есебінде тіркелді. Училищенің жаратылыстану пәнінің мұғалімі Н.Алексеевтің айтуынша: «1911-1912 оқу жылының бірінші жартысында училищенің дайындық бөлімінде оқыған Қ.Сәтбаев білімге құштар, ынталы шәкірт екенін аңғартты. Барлық пәндер бойынша әрдайым үздік бағалар алудан танбады. Сол себепті училищенің ұстаздар кеңесі екінші жартыжылдықта оны бірінші сыныптың келесі басқышына бірден көшіру туралы шешім қабылдады. Қаныш ұстаздарының сенімін толық ақтады. Тағы да үздік оқып, жазғы емтихандардан өте жақсы бағалар алды. Сөйтіп, ол училищенің бірінші бөлімін екі жыл оқудың орнына, бір жылда бітіріп шықты». 2014 жылы Қаныш училищені үздік тәмамдады.

Немере ағасы Әбікей Зейінұлы осы тұста Қанышқа жақсы ақыл айтады: не Омбыға бару, не Керекуде қалып, екі жылдық мұғалімдер курсында оқу, болмаса, Семейдегі мұғалімдер семинариясына бару. Қаныш үшінші жолды таңдады. Академик Әлкей Марғұлан жас дарынның бұл қадамын былай деп жазады: «...Байқасам, Қанышжан не тамақ ішпейді, не жарытып кісімен сөйлеспейді, бүгіліп ойға түсе бастаған, – деп еске алған-ды Имекең сол жылы менімен әңгімелескенде. Бірнеше күн ойланып-толғанғаннан кейін: «Қой, баланы бұлай жүдетуге болмас. Не де болса бір жалғыздың (Құдайдың – ред.) өзіне тапсырдым», – деп тамыз айының басында Керекуге аттандым». Имантайдың достары Бапай және Қозыбағармен бірге бір жұма жүріп Ертіс бойына келгенде, Қаныш: 

– Әке, мен Керекуге бармай-ақ қояйын. Онда барсам, тағы кешігіп қалармын. Мені осы Қызылшырпыдан (қазіргі Ақсу қаласы) кемеге отырғызып жіберіңіз, – дейді.

Жолаушылар Семейге баратын кеменің келуін күтіп, Қызылшырпыда бір аптадан аса жатады. Әрі қарай – қимас әке, талапкер ұлдың қоштасуы. «Келе жатқан кеменің дауысы естілді. Жүрегім су ете түсті. Қаныш бұдан былай жалғыз кетеді. Өртеніп тұрған соғыс өрті мынау, көңіл жүдеу, ел арасында ауру-сырқау көбейе бастаған. «Он бес жасар баланың тағдыры не болады?» деген ой кеудені кернеп барады. Ауылға қайтадан алып қайтуға болмайды. Оған  баламның көнетін түрі жоқ.Арбаға үнсіз отырып, кемеге келдік. Билет бұрын алынып қойған... Қанкежан билетін көрсетіп, ішке кіріп кетті, біз сыртта қалып қойдық. Қанышжан кеменің үстіне жүгіріп шығып, бізге қолын бұлғады». Бұл да – Имантай Сәтбайұлының естелігі.

Міне, болашақ ғалым, геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың болашаққа сапары небәрі 15 жасында осындай үлкен тәуекелден басталды. Семинарияны тәмамдаған соң Қаныш Семейдегі мұғалімдер курсының оқытушысы болды. Денсаулығы сыр бергенде елге оралып, Баянауыл ауданында қызмет істеді. 1921-1926 жылдары Том қаласындағы Сібір технология университетінің кен факультетінде оқып, қызметін Атбасартүстіметалл  тресінде және Қарсақбай мыс қорыту комбинатында геологиялық барлаушы болып бастады.

Бұдан кейін ғалым ұлы жаңалықтар ашты. Ең бастысы, қазақ даласының қойнауы қаншама ғасырға жететін кенге бай екенін дәлелдеді. Бүгінгі күні ұлан-ғайыр жеріміздің әр пұшпағында сандаған кен орны жұмыс істеп жатса, соның бәрінде дерлік Қаныш Имантайұлының қолтаңбасы бар. Мұның бәрі бала Қаныштың білімге құштарлығынан басталған-ды. Жоғарыдағы естеліктердің барлығы жазушы Медеу Сәрсекенің Қаныш туралы кітаптарынан алынды. Жақында Медеу аға да дүниеден өтті...

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы